273 түлек білім бәйгесіне кірісті...

 

Білім сапасын бағалаудың басты тетігі – Ұлттық бірыңғай тестілеу өз маңызын тағы да айқындай түсті. Жоғары білімге қол жеткізудің негізгі жолы саналатын Ұлттық бірыңғай тестілеу 2025–2026 оқу жылында да мыңдаған түлек үшін шешуші кезең болып отыр. Мемлекет тарапынан тестілеу талаптары мен рәсімдері сақталып, талапкерлерге тең мүмкіндік беру бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Осы үрдістен аудан түлектері де тыс қалған жоқ.

Биылғы оқу жылында ауданда 290 оқушы мектеп бітірушілер қатарында. Олардың 273-і қаңтар айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш беріп, Ұлттық тестілеу орталығының ақпараттық базасына тіркелді. Қазіргі уақытта аудан оқушылары тестілеуден өтіп, жинаған ұпайлары бойынша алғашқы нәтижелерін алуда.

Бүгінгі күнгі мәліметке сәйкес, аудан бойынша ең жоғары нәтиже – 124 ұпай. Бұл көрсеткішті Аққыстау орта мектебінің түлегі, «Үздік аттестатқа» үміткер Темірхан Аружан Асқарқызы тіркеді. Бұл – жүйелі дайындық пен үздіксіз еңбектің нақты нәтижесі.

Түлектердің көрсетіп отырған нәтижелері ҰБТ-ның биылғы талаптары мен тестілеу тәртібіне тікелей байланысты. Осы орайда ҰБТ-ның форматы мен негізгі ережелеріне аудандық білім бөлімінің әдіскері Жанар Телешова тоқталды.

– Иә, түлектер үшін шешуші кезең негізгі білім сынағында пәндер саны өзгеріссіз қалды. Үш пән міндетті, екеуі бейіндік пән ретінде тапсырылады. Міндетті пәндерден тапсырмалар саны: оқу сауаттылығы мен математикалық сауаттылықтан – 10, Қазақстан тарихынан – 20 сұрақ. Ал бейіндік пәндердің әрқайсысы 40 тест тапсырмасынан тұрады. Былтыр енгізілген талаптарға сәйкес, үміткерлер оқу сауаттылығы мен математикалық сауаттылықтан, сондай-ақ Қазақстан тарихы мен бейіндік пәндер бойынша кемінде 5 балл жинауы тиіс,-дейді ол.

Сондай-ақ шығармашылық мамандықтарды таңдаған талапкерлер үшін тестілеу тәртібі бөлек. Олар оқу сауаттылығы мен Қазақстан тарихы пәндерінен ғана сынақ тапсырады. Бұл жағдайда Қазақстан тарихынан 5 ұпай, оқу сауаттылығынан 3 ұпай жинау жеткілікті. Тестілеуге 70 минут уақыт беріледі. Мүгедектігі бар балаларға да ерекше жағдай қарастырылған. Көру, есту немесе тірек-қимыл аппараты бұзылған талапкерлерге қосымша 40 минут уақыт беріледі, қажет болған жағдайда көмекші де ұсынылады. ҰБТ барысында талапкерлерге калькулятор, Менделеевтің химиялық элементтер кестесі және тұздардың ерігіштік кестесі тестілеу жүйесінде қолжетімді. Тестілеу аяқталған соң, талапкерлер 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляция нәтижесі шыққаннан кейін сертификат талапкердің жеке кабинетінде жарияланады.

Маманның айтуынша, наурыз айындағы білім сынағының екінші кезеңіне өтініштер 15–25 ақпан аралығында қабылданып, тестілеу 1 наурыз бен 6 сәуір аралығында өтеді. Қазіргі таңда аудан мектептерінде ҰБТ-ға дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Оқушылар қосымша курстар мен онлайн дайындық платформалары арқылы білімдерін пысықтап жатыр.

 

Әсел ТАБИҒАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT