«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Исатай ауылдық округінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Табиғатты аялау, ауылдың экологиялық ахуалын жақсарту және келешек ұрпаққа көрікті орта қалдыру мақсатында ұйымдастырылған игі бастамаға округтегі мекемелер мен тұрғындар белсенді қатысты.
Исатай ауылдық округі әкімінің аппараты ұйытқы болған шара барысында сенбілік өтіп, көшеттер отырғызылды. Ауыл көркін ашып, ауаны тазартып, көгалдандыру жұмыстарын жандандыруға бағытталған жұмыстар округ көлемінде кең көлемде жүзеге асты.
Ауыл әкімі Асылан Ғұбаштың айтуынша, акцияға округке қарасты 4 мекеме, 120 адам және жеке тұрғындар қатысып, бір техниканың көмегімен 350 түп ағаш отырғызылған.
– Жасыл желек – ауылдың көркі. Бұл – қоршаған ортаны таза ұстаудың, болашаққа қамқорлық танытудың нақты көрінісі. Бүгінгі атқарылған жұмыс ауыл тұрғындарының табиғатқа деген қамқорлығы,-дейді ауыл әкімі.
Ж.ИСЛАТ