5000 бөтелке – 1 акцияның нәтижесі

 

Бүгін Исатай ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік өтті. Шараға мемлекеттік қызметкерлер, дербес бөлім басшылары, жастар, ауыл тұрғындары  атсалысып, қоршаған ортаны тазартуға өз үлестерін қосты.

 

 

Сенбілік аясында ауданға Атырау облысынан арнайы «Интаго Қазақстан» ЖШС-нің бас директоры Асылбеков Азамат келіп, өндірістік және экологиялық жобалар жөнінде тілге тиек етті.

– Біздер өңдеуші кәсіптің өкілдеріміз. Кароботанда бірнеше өндірістеріміз бар. Яғни біз дайын өнім шығарамыз. Өткен жылы зауыт ашып, ол елімізде ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы көлемі жағынан ірі саналатын зауытты іске қостық. Бұл «Полиэфирный штапельное волокно»(полиэфир штапельді талшық) Ол Қазақстанда шықпайды. Соны біз шетелден тасымалдаймыз. Сондықтан алдағы жылдың наурыз айында өзіміздің шикізат өндіретін жаңа зауыт бой көтеруде, соны іске қосу жоспарда бар. Осы штапельное волокноның шикізаты сіз бен біз көріп жүрген пластикалық бөтелке болмақ. Осыған байланысты біз жобамыздың аясында Атырау облысынан бөлек,жалпы Батыс аймағы бойынша бүкіл пластикалық қалдықтарды жинап, оны қайта өңдейтін боламыз,– деді ол.

 

 

Кәсіпкердің айтуынша, пластикалық қалдықтарды қайта өңдеу экологияға ғана емес, өңір экономикасына да елеулі үлес қоспақ.

– Қазір пластиктің бағасы тоннасына 185 мың теңге, яғни 1 келісі – 180 теңге. Статистика бойынша, әрбір адам айына шамамен 5 келі қалдық шығарады. Демек, әрбір тұрғыннан ай сайын орта есеппен 1000 теңгенің шикізаты далаға кетуде. Егер бұл қалдықтарды жүйелі түрде жинап, қайта өңдеуге бағыттасақ, бір жағынан табыс көзіне, екінші жағынан табиғатты қорғаудың тиімді жолына айналары анық. Мәселен, Атырау облысының өзіне айына 500 тонна шикізат қажет. Қазір тек Атырау қаласының өзінен 100–150 тонна көлемінде жиналуда. Ал аудандардан 40–50 тоннадан жинақталса, толық қажеттілікті өтеуге мүмкіндік бар, – деді Асылбеков Азамат.

 

 

Компания өкілдері аудан әкімдігі ұсынған бастаманы қолдап, Исатай ауданының орталығына да пластикалық қалдықтарды жинайтын арнайы орын ашу туралы ұсыныстарын ашық айтты. Бұл қадам экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашуға да жол ашпақ.

 

 

Акция барысында ауыл тұрғындары 5000-нан астам пластикалық бөтелке әкеліп, тапсырды. Нәтижесінде әр 6 бөтелкеге 1 тегін балмұздақ үлестірілді. Пластикалық бөтелкенің жалпы салмағы 250 келіні құрады. Бұл — аудан халқының экологияға деген жанашырлығын айқын көрсеткен нақты нәтиже болды.

 

 

Акцияға әсіресе балалар белсенді қатысты. Кішкентайлардың қолында қапқа, пакетке толы бөтелкелерді көруге болды. Олардың ынта-жігері үлкендерді де қанаттандырды. Әсіресе, Медет есімді бүлдіршіннің 90 бөтелке жинап әкелгені назарға түсіп, барша қатысушыларға үлгі болды.Сонымен бірге балаларын ертіп келген ата-ана легі де толастаған жоқ.

 

 

– Бүгінгі акцияға балаларыммен келдім. Балаларым да бөтелке жинап, қуана әкелді. Бұл бір жағынан табиғатты қорғау болса, екінші жағынан жас ұрпақты еңбекке, тазалыққа баулудың тамаша үлгісі. Егер осындай шаралар жиі өткізіліп тұрса, ауылымыздың да, болашағымыздың да келбеті айшықтала түсер еді, – деді бізбен болған Айгүл есімді ауыл тұрғыны.

 

 

Осылайша, сенбілік шарасы  мен аталмыш акция аудан тұрғындарының бірлігін, қоршаған ортаға деген қамқорлығын айқын көрсетіп қана қоймай, экологиялық маңызды жобалардың бастамасына айналды.

 


Сағыныш Қайыр,
Фотосуреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT