Исатай ауданында «Бастау-бизнес» жобасының 4-кезеңі басталды.
Аталған курс кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға арналған және оған жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, өз бизнесін ашқысы және бизнестерін кеңейткісі келетін кәсіпкерлер қатысуда.
Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының басшысы Нұрым Мусиннің айтуынша, жобаның 4-кезеңіне 70 тыңдаушы іріктеуден өткен. - Олардың 24-і көпбалалы аналар, 37-сі жастар, 9-ы бизнестерін кеңейткісі келетін кәсіпкерлер, - дейді филиал басшысы.
Көпбалалы аналар мен жастар Үкіметтің «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының» екінші бағыты бойынша өз бизнестерін бастауға мемлекеттен қайтарымсыз 200 АЕК көлемінде, яғни 505000 теңгенің гранттарын ұтып алуға үмітті. Білгеніміздей, курстың ұзақтығы - 1 ай. Дәріс соңында тыңдаушыларға шәкіртақы төленіп, сертификаттар, бизнес-жоспарлар жасақталып беріледі екен. Тыңдаушыларға бизнес-тренер Сейтбек Түймебаев пен тұлғалық даму кеңесші Светлана Махмутова дәріс береді.
Серікбол Панабердиев