Бүгін Абай орта мектебінде орналасқан №134 сайлау учаскесінде 80 жастағы Хамметова Бадеш дауыс беріп, ауылдық округ әкімін сайлауға белсене қатысты,-деп хабарлайды "Нарын таңы" газеті.
Ұзақ жылдар бойы медицина саласында еңбек еткен ардагер ана бұл саяси науқанға үлкен жауапкершілікпен келгенін айтты.
– Ауылдың болашағы – әрбіріміздің таңдауымызға байланысты. Жаңа әкім халық үмітін ақтап, елге адал қызмет етсе екен деймін. Жасым үлкен болса да, дауыс беру – менің азаматтық борышым,-деді ол.
№134 сайлау учаскесінде 1330 сайлаушы тіркелген. Мұнда зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтар үшін барлық жағдай қарастырылған. Ал үш адам денсаулығына байланысты үйден дауыс беруге өтініш берген, оларға сайлау комиссиясы арнайы барады.
Ауыл әкімдігіне үш үміткер тіркелген. Тұрғындар өз таңдауын кешкі сағат 20:00-ге дейін жасай алады. Бұл сайлау – ауылдың алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды кезең.