– Кітаптың иісін сағынасың, балам… – дейді көршіміз ақ жаулықты Шаркеева Рахима әже. Жасы 80-нен асса да жанары отты, сөзі нық. Жасына қарамастан, аудандық газет беттерінен мақалалары үзілмеген қалпында. Жазуынан жаңылмаған, ойы сергек. Қашанда әдебиет пен елдік мәселелер төңірегінде пікірін ашық айтып отырады.
Әжеміздің сөзінен кітапқа деген махаббаты мен өмірлік ұстанымы анық сезіледі. Ол бір әңгімесінде:
– Кітап – адамның ішкі дүниесін тәрбиелейді. Қанша ғаламтор болсын, кітаптың иісі мен мазмұнындай ештеңе жоқ. Кітап оқып өскен бала түзу жолдан таймайды,-дегені есімде.
Бұл – жай ғана қарияның пікірі емес. Бұл – кітаппен өмір сүріп келе жатқан буынның, қазақтың сөзге тоқтаған ұрпағының аманаты.
Иә,уақыт – жүйрік. Қазіргі заманда адамдардың ақпарат қабылдау тәсілі де өзгерді. Бүгінде бәрі жылдамдыққа құрылған: хабар да, пікір де, эмоция да… Алайда жылдам келген – үстірт, тез оқылған терең болмайды. Сол себепті адам баласының рухани кемелденуінде кітаптың орны ешқашан алмастырылмайды. Кітап – сана тыныштығы, жүрек тәрбиесі. Ол адамды сыртқы әлемнен ішкі әлемге алып кетеді. Шулы дүниенің арасынан өз дауысыңды естуге үйретеді. Кітап оқитын адам – сөзге бай, ойға терең, пікірге байыпты келеді. Рухани мықты ұрпақ тәрбиелеу – әр ата-ананың, әр ұстаздың, әр қоғам мүшесінің борышы. Кітап балаға ең әуелі қиялды, ізденісті, жүйелі ойды үйретеді. Бала кітап арқылы сөз құдіретін ұғады, сөзін дұрыс әрі әдемі жеткізуді үйренеді. Кітап оқып өскен бала дәлелмен сөйлейді, сұрақ қоя біледі, жауапты салмақтайды. Бұл – болашақ көшбасшының қасиеті. Шаркеева Рахима әже осыны жақсы біледі. Ол кісі үйінде үнемі кітап оқып отырады, қазақ әдебиетінің классиктерін, тарихи-танымдық басылымдарды, газет-журналдарды қалт жібермейді.
– Кітап оқыған адам алдымен өзін түсінеді. Өзін түсінген адам ешкімге қиянат жасамайды,-дейді әже.
Кейде адам тығырыққа тірелгенде, ақыл сұрайтын жан таппай, кітаптан медет іздейді. Себебі кітап ешқашан айқайламайды, бірақ үнсіз үйретеді. Ол сені сөкпейді, бірақ ойландырады. Жақсы кітап – жақсы дос. Ол өмірде жоқ нәрсені үйретеді, өмірде көрмеген жерді көрсетеді. Сол үшін де кітапты оқыған сайын жүрек кеңейеді, ой тереңдейді, тіл байиды. Жапон даналығында «Кітап – сен ешқашан кездестірмейтін адаммен сырласудың жолы» делінген. Шындығында, кітап – шекарасыз әлемге ашылған терезе. Ол арқылы біз басқа ұлтты да, басқа заманды да, басқа тағдырды да танып, түсіне аламыз. Қоғамда көп нәрсе өзгеруі мүмкін. Технология, білім беру жүйесі, қарым-қатынас формасы. Бірақ кітаптың рухани миссиясы өзгермейді. Себебі ол адамды өзімен қауыштыратын құрал деп білемін.
Гүлназ ТӨЛЕШ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 2-курс студенті