«Аққайың» би ансамблі Мәскеуден топ жарды

23-30 қараша аралығында Мәскеу қаласында «КҚК дарынды балаларға – 2022» халықаралық бағдарламасы аясында өткен «Jas tolqyn» жас таланттар байқауында үлгілі «Аққайың» би ансамблі гран-при иеленді.

Көрші Ресей елінің сахнасында өнер көрсеткен бишілеріміз төл өнерімізді насихаттап, байрақты бәсекеде топ жарып, елді бір сүйсіндірдіп тастады. «Аққайың» би ансамблінің жетекшісі Қамажай Мұғауқызының айтуынша, байқауға Мәскеу, Астархан, Қалмақ республикасы, Краснояр, Новосібір өңірлерінің өнерпаздары да қатысқан. Шын жүйріктер ғана топ жаратын сайыста жерлестеріміздің асығы алшысынан түсті. Сондай-ақ ансамбль жетекшісі балалардың Мәскеуге барып келуіне қолдау білдірген «Каспий құбыр консорциумы-Қ» АҚ бас директордың орынбасары Қайыргелді Қабылдинге, бишілердің сахналық костюмдерін тігуге мүмкіндік жасаған өнер жаншыры, Қазақстанның Халық әртісі Гүлжан Ізімқызына, бишілердің ұлттық киімдерін тігуге демеуші болған «АС Құрылыс» ЖШС директоры Жұмабай Әділбековке және аудан әкімі Полымбет Хасанов пен аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиеваға ризашылығын білдірді.


af1a34ae-6059-494b-a274-0a57c9467957

-Бұл байқау біз үшін үлкен тәжірибе болды. Сын сағатта еңбегіміз ақталып, таланатты бишілерім бас жүлдені иеленіп, айды аспанға шығарды. Біріншіден, бишілердің ата-аналарына өз ризашылығымды білдіремін. Баланың жастайынан қабілетін танып, оны шыңдауына жол ашқандары үшін, ұстаз ретінде, алғысым зор! Мәскеуге ұшпастан бұрын, балаларымыз Астана қаласындағы «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университетінде шеберлік сабақтарынан өтті. Балаларымыз өнердің арқасында ел көрді, жақсы адамдармен, дарынды балалармен танысты. Әр жерден келген өнер ұжымдары бір-біріне бауыр басып, кетерде қимай қоштасқандары жасырын емес. Оның өзі балаларға шабыт, жігер береді.
Әрине үлкен байқауларға қатысып, шетел сахнасында өнер көрсету оңай емес. Осындай сайыста сенім артқан жерлестеріміздің үмітін ақтап, аудан мерейін асырған шәкірттерім үшін қуаныштымын,-деді ол.


6809ed23-39ac-4c6e-941f-faffff5ec017

Айта кетейік, бишілеріміз байқауда қазақтың «Ерке сылқым» және өзбектің «Андижанский полька» билерін орындап, гала-концертте «Қара жорғаны» билеп, көрерменнің көзайымына айналған.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521