«ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНАН» САБАҚ АЛУЫМЫЗ КЕРЕК

https://stan.kz/

Былтыр қаңтар айында еліміздің бірнеше қаласында наразылық шерулері өтті. Аяғы дүрбелеңге ұласып, қайғылы оқиғалар орын алды. Алғашында газ бағасының қымбаттауынан басталғанымен, кейін билікке қойылатын талаптар күшейіп, митингтің саяси бояуы қаныға түскені баршаға мәлім. Нәтижесінде, бұл талаптар үлкен өзгерістерге алып келді. Үкіметтің жаңа құрамы жасақталды, Атазаңға өзгерістер енгізілді, жалақы мен жәрдемақылар көтерілді, шетелге заңсыз шығарылған қаржылар, жекеменшікке өтіп кеткен маңызды стратегиялық нысандар мемлекет меншігіне қайтарыла бастады. Мұның бәрі «қаңтар оқиғасынан» кейін, нақтырақ айтқанда, аталған оқиғанның әсерінен жүзеге асқан шаруалар десе де болады.

Алайда, «Қаңтар оқиғасын кімдер ұйымдастырды?», «Бейбіт митингті бүлікке ұластырғандар кімдер?», «Тергеу амалдарының нәтижесі қандай?», «Құрбандар саны қанша?» деген сынды сауалдар көптің көкейінде жүргені анық. Сынаптай сырғыған уақыт бір жыл ішінде бұл оқиғаны да тарихқа хаттап үлгерді, болашақта аталған оқиғаның ақиқаты ашыла жатар. Әйтсе де, бір жыл ішінде бүкіл Қазақстанды шарпыған оқиға жөнінде пайым жасауға мүмкіндік беретін деректер қазірдің өзінде шыға бастады. 

Жуырда Парламент Мәжілісінде жылдың алғашқы пленарлық отырысында қаңтар оқиғасы сараланды. Бас прокурор Берік Асылов қайғылы оқиға туралы депутаттардың сауалдарына жауап берді.

Аталған оқиға жөнінде Қазақстан азаматтары нақты, ресми мәліметтерден мән-жайды толық білулері тиіс. Әйтпесе, ешқандай дерекке сүйенбей айтылған пікірлер, әлеуметтік желілерде тарап жатқан жалған ақпараттар мәселенің аражігін ажыратуға мүмкіндік бермей, азаматтарымыздың арасында жаңсақ, теріс түсініктердің қалыптасуына алып келеді.

Мәселен, әлі күнге «бейбіт митингке шыққан халықты қару қолданып, күшпен басты» деген нұсқаға басымдық беріп, отқа май құйып отыратындар бар. Мұндай адамдар кімнің сойылын соғып, кімнің мүддесі үшін шыр-пыр болып жүргендері түсініксіз? Алдымен «бейбіт митинг» деген ұғымға тоқталып көрейік. Митинг шынымен бейбіт өтті ме? Egemen.kz жариялаған Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділовтің берген мәліметі бойынша, 4 мыңнан астам ұрланған қару, оның ішінде 500-ден астам схрон, олардың басым бөлігі жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында табылған. Бүгінгі таңда 1900-ден астам қызметтік және азаматтық қару әлі де іздестірілуде.

Ресми мәлімет бойынша, елдің сегіз облысында 42 қоғамдық ғимарат, 350 коммерциялық нысан зақымданған. 1789 кәсіпкерлік субъектісі келтірілген залалды тікелей өтеуге өтініш білдірген.

Қаңтар оқиғасы кезіңде лаңкестер мен тонаушыларға қарсы тұрған құқық қорғау органдарының 19 қызметкері қаза тауып, 3037 полиция мен әскери қызметшілер түрлі дәрежедегі жарақат алған. Міне, осыншама қару ұрланып, осыншама ғимараттар талқандалып, 2000 ға жуық кәсіпкерлік субъектісі зардап шеккен митингті бейбіт митинг деп айтуға бола ма? Жоқ, әрине. Иә, рас алғашында қордаланған әлеуметтік мәселелерден, қымбатшылықтан әбден ашынған қарапайым халық жанайқайын білдіруге шыққан. Бірақ бейбіт шеруді өз мүдделеріне пайдалануды көздеген топтар жағдайды ушықтырып, жаппай тәртіпсіздіктерге ұластырып, мәселені күрделендіріп жіберді. 

Тәртіпсіздіктер әдейі ұйымдастырылғанын, қарапайым халықты пайдаланып, жымысқы мақсаттарын жүзеге асырғысы келетіндер тыңғылықты дайындықпен өткізгенін Бас прокурордың келтірген деректері растап отыр. Оның айтуынша, тәртіпсіздіктер кезінде Алматы қаласының, Алматы және Қызылорда облыстарының ҰҚК департаменттерінің барлық жеке құрамы өз ғимараттарын тастап кеткен. «Тергеу мәліметтері бойынша, 5 қаңтарда ҰҚК төрағасының орынбасары Әнуар Садықұловтың жеке құрамның ғимаратты тастап кетуге дайындығы туралы жазбаша нұсқауы келіп түсті. Кәрім Мәсімовтің нұсқауы бойынша Алматы және Қызылорда облысының ҰҚКД ғимараттары бос қалды. Сондай-ақ басшылықтың нұсқауы бойынша Алматы және Жамбыл облыстарының полиция департаменттерінің ғимараттары да босатылды. Ашығын айтсақ, бұл басшылар әлсіздік танытты. Нәтижесінде, тәртіпсіздіктердің жолын кесу бойынша уақытылы шаралар қабылданған жоқ», деді Бас прокурор Берік Асылов. Оның айтуынша, Алматы мен Талдықорған екі тәулік бойы қарулы қылмыскерлердің билігінде болды. Олардың қолында тұтас арсенал - 3 мыңға жуық автомат, тапанша, мергендік мылтық және ондаған мың оқ-дәрі болды. Қазіргі уақытта 2 мыңға жуық қарудың орналасқан жері әлі де белгісіз. Одан бөлек, ұйымдастырушылардың бейбіт тұрғындарға да зиян келтіргені айтылды. ««Дикий Арман» бейбіт тұрғындарды қонақүйлердің паркингінде күшпен ұстаған. Оның әрекетін ҰҚК-дегі кураторы үйлестіргені анықталды. Ол тәртіпсіздіктерді ұйымдастырып, адамдар тобын басқаруды өз қолына алып, билікке бұлтартпас талап қою үшін «халық кеңесі» дегенді құруы тиіс болған. Оған Алматы қалалық мәслихатының экс-депутаты, сондай-ақ қылмыстық топтың белсенді мүшесі Махатов көмектескен, ол Алматыдағы «Қазақстан» қонақ үйіне келуші бандиттерді қаруландырған. Алайда олар жаппай наразылықты басқара алмады. Халық оларға ерген жоқ. ҰҚК-нің бұрынғы төрағасының ұсталғаны туралы ақпарат алған соң, кейін өзін ақтап алу үшін мародерлермен күресті желеу етіп, содырларға қала тұрғындарына шабуыл жасау тапсырылған. Сол үшін 6 қаңтарда олар қаланың әр жерінен 24 кездейсоқ адамды ұрлап кеткен, сосын «Ritz Carlton» және «Қазақстан» қонақ үйлерінің паркингінде оларды ұрып-соғып, ұстап отырған. Кейін оларды қаланың шетіне апарып, ҰҚК қызметкерлерінің қарулы күзетімен контейнерде түнеткен. Сосын оларды әуежайға жеткізген, сол жерде Өтепбаев азаптаудан қайтыс болған. Осы фактілер бойынша тергеуді аяқтадық. Қазір құжаттар қаралуда», - деді Бас прокурор. Бұл деректерден де қылмыстық топтардың нақты жоспар бойынша әрекет еткенін және бейбіт халықпен бірге жүріп, мәселені мейлінше ушықтыруға жұмыстанғанын көруге болады. Алайда, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың нақты шешімдер қабылдап, табандылық көрсетуі жағдайды күрт өзгертіп жіберді, қылмыскерлердің жолы кесілді.

@qazaqparat_kz-тің ІІМ-нің дерегіне сүйеніп таратқан ақпаратында «Қаңтар оқиғасы» бойынша 4623 қылмыстық іс тергелген, оның ішінде, кісі өлтіру фактісі – 91, ұрлық – 2504, заңсыз қару айналымы – 440, бұзақылық – 368, бөтеннің мүлкіне қасақана зиян келтіру – 188. Жиырма мыңнан астам азаматтан жауап алынып, 5 мыңнан астам сараптама тағайындалған.

Қорыта келгенде, еліміз күрделі кезеңді бастан өткеруде. Соңғы кезде елімізде жаңашылдыққа бетбұрыс қарқын алып, жемқорлықтың жолын кесу, мемлекет байлығын санаулы ғана адамдардың иеленуіне жол бермеу, азаматтық қоғамның дамуын қамтамасыз ету, олигополияны жою, бизнестегі табиғи бәсекелестікті қалпына келтіру сынды шараларды жүзеге асыруға талпыныс күшейді. Осы жаңашылдықтарға кедергі келтіріп, жасалып жатқан барлық істерді жарамсыз етіп көрсетуге тырысып жүргендер де жоқ емес. Олардың көздегені бұрынғы жүйенің сақталып қалуы болса керек. Қазір ауыспалы, ашықтық, әділдік принциптерін ұстанатын биліктің құрылуына қадамдар жасалып жатыр, оның қанша уақытта жүзеге асатыны беймәлім. Дегенмен, алғышарттың жасалуының өзі алға жылжу деп бағалауға болады. Себебі, мұның өзіне де отыз жылда әрең қол жеткізіп отырмыз. Әйтсе де, ең басты межеміз – мемлекеттігіміздің, қазақ халқының ел ретінде сақталып қалуы. Жығылармыз, сүрінерміз, бастысы тәуелсіз ел болсақ, түбі түзелеріміз хақ.

Нұрболат НҰҒМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521