Исатай ауданында Халықаралық қарттар күні мерекесі қарсаңында ауыл ардагерлерімен кездесу кеші өтті.
Аудандық орталық кітапхана және балалар кітапхана басшылығының ұйымдастыруымен «Атадан – өсиет, анадан қасиет» атты ауданымыздың ардагер, зейнеткер ағаларымен мерекелік жүздесу кеші өтті. Отбасы құндылығын дәріптеу, отбасындағы тәрбиенің алар орнын, ұлттық салт-дәстүрлерді көрермен қауымға кеңінен насихаттап, ел ағаларының өнегелі өмірінен сыр шерту мақсат етілген мерекелік жүздесуге Қуанышкерей Жұмағалиев, Аяпберген Мұханбетов, Серікқали Шөреғалиев сынды ауданымыздың ардагер, зейнеткер ағалары отбасыларымен қатысты. Елдегі төтенше жағдайдың негізінде талап етілген шектеу шараларына байланысты мерекелік жүздесу көрермен қауым назарына Исатай аудандық орталықтандырылған кітапхананың әлеуметтік желі парақшалары арқылы ұсынылды.
Шарада ең алдымен сөз алған Исатай аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сейтжан Құспанұлы ардагер, зейнеткер қарттарды атаулы мерекелерімен құттықтап, бүгінгі жүздесуге арнайы келгендеріне өз ризашылығын жеткізді. Жүздесуге келген ардагер қарттарымыз отбасындағы кикілжіңдер, ондағы ата-анадан берілетін тәрбие жайында, сыйластық, ұлттық салт-дәстүрлер, қазіргі жастар жайындағы тақырыптарды кеңінен қозғап, өнегелі отбасының үлгісін танытып, көрермен қауымға отбасылық өмір тұрғысында берер тәлім-тәрбиесі мол тағылымды жеткізді.
Одан әрі Исатай аудандық «Жалын» мәдениет үйінің өнерпаздары әнші Әділбек Жұмашев, жас ақын Амангелді Панабердиев те өз өнерлерін ортаға салды. Кеш соңында жүздесуге келген ардагер, зейнеткер ағалар отбасылары арнайы дайындатылған кітап толы көрмеге көз тастап, жаңа кітаптар қорымен де таныс болды.
- Бүгінгі «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» атты мерекелік жүздесу «Халықаралық қарттар күніне» орай өткізіліп жатыр. Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізіне ерген ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген қарттарымыздың орны қашан да ерекше. Бүгінгі мерекелік жүздесуіміздің мақсаты - өнегелі қарттарымыздың өмірінен сыр шертіп, өскелең ұрпаққа даналық өсиеттерін кеңінен жеткізу, қазіргі таңдағы отбасылық өмірдегі түйткілді мәселелерге қатысты ой тарқату және «Халықаралық қарттар күні» мерекесі қарсаңында оларға көрсетілетін құрметтің әрқашан зор екенін, әр қартымыз бір төбе екенін сездіру. Ауданымыздың барша қарттарын атаулы мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, отбасына амандық, дендеріне саулық тілеймін, - деді Исатай аудандық орталықтандырылған кітапхана басшысы Шынар Махсутова.
Әділбек СЫРЫМОВ