Аққыстауда ауыл әкімін сайлау басталды

Бүгін қазақстандықтар аудандық маңызы бар қалалар, ауыл мен кенттер және ауылдық округтердің әкімдерін сайлайды.

Атырау облысы, Исатай аудандында биылғы ең маңызды саяси оқиға таңғы сағат 7.00-де басталды.

- Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңына сәйкес Аққыстау ауылдық округі әкімін сайлауға байланысты №133 учаскелік сайлау комиссиясы өз жұмысын бастады, - дейді учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Е.Насимуллин.

Оның айтуынша, Аққыстау ауылдық округіне қарасты №133 сайлау учаскесінде  1394 сайлаушы тіркелген. Ауыл әкіміне кандидат 3 үміткер бар. Сайлау комиссиясының 7 мүшесі де жұмысқа сақадай сай. Санитарлық талаптар сақталған.

- Бұл біз үшін үлкен мереке. Себебі, ауыл әкімдерін халықтың сайлауы арқылы анықтау, Мемлекет басшысының билік пен бұқараның арасын жақындату мақсатында қолға алынған оң шара. Тарихта алғаш рет болып отырған саяси оқиғаға өз сайлау учаскем бойынша бірінші болып дауыс беріп, өз таңдауымды жасадым. Халықтың өзі сайлаған әкімдері ендігі жерде ел үшін еңбек етіп, сенімді ақтайды деген үміттемін, - дейді ауылдағы алғашқы сайлаушылардың бірі аққыстаулық ардагер Қ.Сыдықов.

139 сайлау учаскесінде 1487 сайлаушы бар. Учаске төрағасы Е.Ақтановтың айтуынша, бұл саяси науқанды ауыл тұрғындары мереке ретінде қабылдап жатыр. Алғашқы дауыс беруші ауданымыздың ақыны Н.Мұратов комиссияның жұмысына сәттілік тілесе, учаскелік сайлау комиссиясы атынан белсенділік танытып, бірінші болып дауыс берген сайлаушыға естелік сыйлық табысталды.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT