Аққыстауда ауыз су уақытпен беріле бастады. Неге?

Аққыстау ауылында ауыз су тағы да белгілі уақытқа шектеліп берілетін болды.

«Қамысқала Су Арнасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының хабарламасында су беру уақыты үш кезеңге белгіленгендігі айтылған.

Су неге тоқтай береді? Тұрғындардың осы сауалына жауап іздеп көрейік.

Мекеменің сенімгерлік басқаруындағы су тазарту орталықтары арқылы тұрғындарға берілетін ауыз су «Магистральдық Суағызғысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен арадағы келісімшартта жоспарланған судың көлеміне негізделеді. «Қиғаш-Маңғышлақ» магистральды су желісі бойынан тіршілік көзін алып, пайдаланып отырған елді мекендер ауданның бас жоспарына сәйкес «перспективалық дамуы жоғары» елді мекендер санатына жататындықтан, түрлі әлеуметтік нысандар салынып, тұрғын үйлер құрылысы қарқынды дамуы себепті ауыз суды тұтынушылар саны көптеп өсуде. Сондай-ақ, ВНС-5 «Атырау-Құлсары» су айдау стансысы іске қосылуы себепті біз су алып отырған магистральдық су құбырының қысымы азайып, қазанға су жинауға үлгеріс болмай жатқан көрінеді. Ал, ол су жинау қоймаларының босап қалу қаупіне әкеліп соғып отыр.

- Сондықтан, аудан халқын маусым, шілде, тамыз айларында ауыз сумен қамту үшін суды босату сағаттық тәртіппен беруге әкелуде, - дейді директор О.Бейбіттің хабарламасында. – Яғни қазіргі уақытта күннің аптап ыстығына байланысты және тұрғындардың шектен тыс тұтынулары салдарынан маусым айынан бастап қоймадағы судың сарқылып қалуының алдын алу мақсатында тұтынушыларға су таңғы сағат 06.00-09.00, түсте 12.00-14.00, кешке 18.00-20.00-ге дейінгі уақыт аралығында берілетін болады, - делінген хатта. «Ауылдастардан мәселенің маңыздылығына мән беріп, ауыз суды тікелей мақсатына пайдаланып, ысырапқа жол бермеуін және бұл біздің мекеменің ықтиярынан тыс, еріксіз жасалып отырған шара деп қабылдауын сұраймыз» дейді мекеме басшысы.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Сурет ашық дереккөзден алынды

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT