Аудан орталығы – Аққыстау ауылы. Бір кездері жекелеген тұрғындар, негізінен теміржолшылар ғана қоныс етіп, кейін мұнайшы ағайынмен молыққан Аққыстаудың іргетасы қаланғалы да тура жарты ғасыр толар жыл бұл. Шығысында Қаратүбекпен қосылып, батысында Шыныбекке таялған, солтүстігінде Өркенмен «өрісі кеңіп», оңтүстігі қара сулы каналдарға иек артқан бүгінгі Аққыстаудың өткені жайлы ой толғар сәт те осы кезең. Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ғаділ Махуұлы Боранбаевпен арадағы әңгімеге себепші болған жайт та осы.
-Ғаділ Махуұлы, қазақтың «елу жылда ел жаңа» дейтін сөзі бар. Соған қарағанда, бұл уақыт өлшемі тарих үшін тым аз мезгіл саналмасы анық десек қате болмас. Аққыстау ауылы үшін айтулы белес болып отырған осынау жарты ғасырлық кезең туралы сұхбатымызды оның алғашқы тіршілік-тынысынан бастасақ абзал. Бұл тұрғыда не айтарыңыз бар?
-Жалпы, бұл кезең, яғни жарты ғасырлық белес Аққыстаудың ажарын айшықтаған уақыт десек, мерекелі жылдағы бұл тақырып бұнымен шектеліп қалмас деймін. Аққыстауды қолдарымен құрысқан, оның алғашқы кезеңдеріне куә болған аға ұрпақ өкілдері, шүкір, баршылық қой. Олар да оның тарихының жарқын беттері туралы естеліктер жазар, әңгімелеп айтар деп есептеймін. Сондықтан, бұл сұхбатымыз соның бастауы ретіндегі жазба дейік.
Енді, біздің Аққыстау ауылы, ауылдық округ жөнінде әңгімелегенде, оны Қаратүбектен бастасақ болады. Аққыстау мекен еткен осы аумақ бұрындары осынау атауды еншілегені шындық. Бұрындары бұл жерді Чапаев атындағы кеңшардың малшылары қоныс етіпті. Жалпы, осы жер аумағы сол уақыттары Тұщықұдық селолық кеңесіне, яғни қазіргі Тұщықұдық ауылдық округіне қараған. Тұрғындар бұл аумақты мұнай өндірістері өмірге келгенге дейінгі кезеңде жекелеген малына жайылым ретінде де пайдаланған екен.
-Осынау елді мекен әуелгісінде Қаратүбек аталғаны туралы ел аузында жүрген әңгімелер баршылық.Солатау жөнінде не айтасыз, жалпы осы қоныстың алғашқы тұрғындары кімдер еді?
-Бұл жердің Қаратүбек аталуының себебі, Нарын каналынан, Боқсақтан келетін өзекшелер осы тұстан бір-біріне қосылып, анау Манаш елді мекеніне қарай су беріп жатқан ғой. Сол уақыттағы тұрғындардың айтуынша қара сулы каналдардың түйіскен тұсы – түбекті сол суына қарап па, жоқ әлде осында қалың өсетін болған қара шөбінен шығарып па, отырықшы ел Қаратүбек атаған ғой. Сол уақыттарда бұл аумаққа теңіздің ащщы суы да жылға-жылғамен келіп-қайтып жататын болса керек, сондықтан канал суын теңіздің ащы суынан бөліп, қара су атауы да ғажап емес. Ауылдың Тұщықұдықққа шыға берісіндегі су Қара өзек аталуы да тектен-тек болмаса керек. Қалай дегенде де бұл жергілікті халықтың қойған атауы, оған арнайы бір қаулы шығып не шешім алынып бекітілген ештеңесі жоқ еді ол кезде.
Сол кездері осы жерді Жұмажан дейтін атамыз жеке шаруасымен қоныстанған екен. Осында электр, байланыс желілерін алғаш тартуға қатысқан ардагер аға буын өкілі болатын ол кісі. Одан кейін Төлеп дейтін қарт та жеке шаруасымен осы жерді мекендепті. Және бір қоныстанушы Мүсім деген атамыз, оның мекені қазір Байқоныс деген баласы тұрып жатқан жерде, Қара өзектің жағасында болған. Аққыстауды, соның ішінде осы Қаратүбекті алғашқы қоныстанушылар ретінде ел аузында осы үш кісінің аты аталып келеді. Сондықтан алғашқы тұрғындар дегенде осы кісілерді алдымен айтуға болады.
Ал 1968 жылдан бастап Аққыстау теміржол бекеті салынған. Сөйтіп, енді мұнда теміржолшылар келіп қоныстана бастады. Осы жерде алғаш теміржолдың төрт корпус үйі салынғанын да қарттардың аузынан естіп қалдық. Ал теміржол стансысының Аққыстау аталуының себебі, айналаға көз салған жанға канал бойында тұрған жалғыз үй – ақ балшықпен ақтап қойған Жұмажан атамыздың үйі ғана көрініп тұратын болған, соған байланыстырып Аққыстау деп атап кетіпті. Енді бір деректе теміржол стансысы сол кезде Аққыстау аталынған қазіргі Тұщықұдық ауылына таяу орналасқандықтан да Аққыстау болып аталыныпты делінеді. Бұның анық-қанығын тарихшыларымыз айта жатар деп те ойлаймын. Кейін осы атау арнайы қаулымен бекітіліп, осыдан жарты ғасыр бұрын ірге көтерген ауылымыздың аты болып қалды.
-Әңгімемізді Аққыстаудың аудан орталығы болуымен сабақтасақ. Өйткені, ауылдың қанат жаюы негізінен сол уақыттан бастап тін тартып жатқан жоқ па?
-1973 жылғы 6 желтоқсанда Аққыстау поселкесі болып құрылғаны жөнінде арнайы қаулы шыққан. Міне, аталған құжат бойынша осы дата Аққыстау ауылының, Аққыстау ауылдық округі тарихының бастауы болып есептеледі. Оның көшірмесі де қолымызда бар.
Аудан тарихы баяндалған шежіре кітаптарда да біздің Аққыстау ауылы жөнінде жан-жақты деректер берілгенін айта кетуіме болады. Осы Аққыстауда алғашқы салынған ғимараттардың бірі мектеп үйі болып, осында төрт кластық бастауыш мектеп ашылды. Аталған мектептің алғашқы директорларының бірі болып жерлесіміз Жұмағали Қайыров тағайындалған. Сонымен бірге Аққыстау поселкелік кеңесінің алғашқы төрағасы болып Дәулет Әбілхайыров атамыз қызмет қылды, хатшылығына Хабиболла Мұхамбетов ағамыз сайланған екен. Содан бастап өз алдына кәдімгідей елді мекен болған Аққыстау тарихының алғашқы парақтары қаттала бастады. Осында өндіріс орындарының зерттелуіне байланысты алғашқы мұнайшы отбасылары да қоныстанды. Осылайша қанаты жайыла түскен ауыл 1977 жылы қайта құрылған Новобогат ауданының орталығы болуымен ажарлана түсті. Көптеген құрылыстар бой көтерді, жаңадан көшелер пайда болып, олар бірте-бірте көбейе берді. Оның бәрін тарқатып айтар болсақ, баяндап шығу үшін біраз уақыт керек.
-Осылай көркейіп, көріктене түсіп келе жатқан ауылдың ажары 1988 жылы ауданның «кезекті» таратылуымен байланысты солғын тартқанын айтатындар аз емес. Сіздің пікіріңіз қандай?
-Иә, аудан тарихында оның бірде тарап, бірде қайта құрылып, біраз теперіш көруі оның халқының да қалыпты өмірінің қиындықтарға кезігуіне, ауыл ажарының да солғын тартуына себеп болғаны шындық. Әрине, бұл ең алдымен оның орталығы болған Аққыстау ауылына да көп әсер етті.
Жалпы, Аққыстау ауылының дамуы өз алдына поселкелік кеңес болуынан бастау алды ғой. Новобогат ауданы қайта құрылған 1977-1988 жылдар аралығында оның жан-жақты дамуы қалыпты көрініс тапқан кезең еді. Өкінішке орай, аудан сол уақыттағы солақай шешімдер салдарынан тағы таратылғанында көптеген кеңсе ғимараттары, тұрғын үйлер иесіздікке, күтімсіздікке ұшырағаны жасырын емес. Бұл өз кезегінде ауылдың ажарын да кетіре бастаған болатын. Тек сол уақыттағы солақай шешім қайта қалпына келтіріліп, аудан қайта құрылған 1990 жылдан оның орталығының да келбетіне көңіл аударыла бастады.
-Бұрынғы Аққыстаудың тұрғындары қанша еді, бүгінгі Аққыстаудың халқы қанша болып отыр? Олардың өмір тынысы нешік, яғни тұрмыс-тіршіліктері қалай қалыптасуда?
-Алғаш поселкелік кеңесі құрылғанда ауылда небары 283 шаңырақ, оларда 2000-нан астам тұрғын болған екен. Ал аудан орталығы болып дами түскен ауылдың кейін тұрғындары да көбейді, аумағы да үлкейді, округтің жер көлемі болса 30 мың гектарды құрады. Ауыл халқының саны 2021 жылы 11 мыңға дейін барды, қазір Аққыстау ауылында 10 мың 600 адам тұрып, тірлік етіп жатқан жайы бар. Аудан орталығы болғалы бері Аққыстау газбен, сумен, жарықпен толықтай қамтамасыз етілді. Әсіресе, 2000 жылдары ауылды газдендіру қарқынды жүріп, ол шаруа толықтай жүзеге асты.
- Аққыстауда алдағы уақытта атқарылар істерге қысқаша тоқтала кетсеңіз?
-Қазір бізде ақсап тұрған тұс - жол мәселесі. Бұл жол мәселесінде былтырдан бастап үлкен жоба жасақталып, сол жүзеге асырылды. 16 км 300 метр жол Аққыстау ауылдық округі бойынша жобасы бекітіліп, экспертизадан өткізу жұмыстары былтырлар басталған болатын. Биыл, яғни 2023 жылы осы жұмыс толықтай аяқталады деп отырмыз. Соның нәтижесінде аудан орталығында 85 пайыз жол қалыпқа келеді деген есебіміз бар.
Енді, аққыстаулықтардың түрлі басқосуларда, баспасөз бетінде көптеп қоятын сұрақтары - басқа аудандарға, яғни басқа аудандар орталықтарына қарағанда Аққыстау ауылының ішіндегі архитектуралық жағдайы, әлгінде айлған жол мәселелері, кенже қалып қойған көгалдандыру жайы, аулдастардың орынды реніштері осыдан туындап жатады. Жоғарыда айтқандай, оның көбі ауданның бір қосылып, бір ажыратылған әкімшілік-аумақтық өзгерістерге байланысты қордаланып қалған жайттар болуда. Бұл бағытта 2017 жылдан бастап көптеген жоспар-жобалар қолға алынып келеді. Ол бойынша аяқталмаған жұмыстар да бар. Үлкен жобаның біреуі – Аққыстау ауылы бойынша лас суды айдау. Бұл бағытта үлкен құрылыс жұмыстары басталған, одан бері де 3 жыл уақыт өтіп кетті. Бірақ, толықтай бітпей, халыққа пайдалануға берілмей жатыр. Осындай жобалар аяқсыз қалып қойып жатыр. Мәселен, тағы да үлкен жобалар - мектеп лицейдің құрылысы, салынып жатқа үш қатарлы тұрғын үйлер жобасы толық аяқталмай тұр, бәріне уақыт керек, яғни алдағы уақыт еншісінде, олар да жүзеге асарына сенімдіміз.
Қысқарта айтсам, жарты ғасырлық жолды өткен Аққыстаудың дамуында, заман талабына бейімделуінде көптеген оңды өзгерістер бар деп айта аламыз. Соның ішінде көптің көз алдында заманауи тұрғын үй құрыыстары, спорттық орындар, кәсіпкерлік нысандар да бой көтеруде. Осындай оң істер алда да жалғасын таба беретін болады.
Бұл жыл – Аққыстау ауылы үшін мерекелі жыл болғандықтан оны берекелі жоспарлармен атап өтуді ойластырудамыз, Ол шаралар тарихи танымдық, тағылымдық тұрғыда өріс алса деген де ойымыз бар. Негізгі мерекелік шара күзге қарай ұйымдастырылатын болады.
-Әңгімеңізге рахмет, мерекелі жылдың берекесі мол болсын!
Сұхбаттасқан Жоламан ДӘУЛЕТИЯР