Балаларымыз келешекте аудан орталығындағы кәсіптік лицейде оқитын болады
Бір кездері елдің бәрі экономист, заңгер, мемлекеттік басқарушы, дизайнер мамандығын игеруге талпынып, экономиканың шынайы секторы болып табылатын және кәсіпорындарға қажетті қарапайым дәнекерлеуші, электрик, құрылысшы, ағаш шебері, бетоншы, ауыр көлік жүргізушілерді саусақпен санап қалғанымыз жасырын емес.
Еңбекақысының жоғары болғанына қарамастан, қанымызға біткен әдет пе, басқа ма, әйтеуір ешкім қара жұмысшы болғысы келмеді. Осы сәтті ұтымды пайдаланған шетелдік компаниялар қажетті мамандарды шеттен тартты. Бұл жағдайлардың барлығын көріп-біліп, ескерген Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өзінің халыққа арнаған Жолдау, Үндеулерінде кәсіптік білім беру мәселесіне барынша басымдық беру қажеттігіне айрықша назар аударғаны белгіні.
Шыны керек, ҰБТ қорытындысы бойынша талапкерлердің барлығы бірдей жоғары оқу орындарына бара алмайтыны рас. Осы орайда шекті 50 баллдан төмен жинағандар аудан-ауылдардағы кәсіптік лицейлерде білім алып, замана сұранысына сай білікті мамандық иесі болып шықса несі айып? Тиісінше, қазіргі кезде кен орындарындағы өте жоғары айлық алып жүргендердің дені солар екенін кәрі тарих дәлелдеп келеді емес пе?! Ендеше, Елбасының арнайы тапсырмасымен қайта құрыла бастаған кәсіптік оқыту жүйелері негізіндегі жұмыстар Исатай ауданында кең қолдауға ие.
Облыстық құрылыс басқармасы тапсырыс беруші болып табылатын Аққыстау ауылындағы 100 орындық жатақханасы бар 320 орындық кәсіптік лицей нысанының құрылысы бүгінде қызу қарқынмен жүріп жатыр. Нысанның сметалық жалпы құны - 1 миллиард 630,2 миллион теңге.
Бас мердігер мекеме - «Дан-Строй-База-ЛТД» ЖШС болса, техникалық қадағалаушы - «G Construction Engineering Group» ЖШС.
Нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы жылдың сәуір айында басталып, 2019 жылдың қазан айында пайдалануға тапсыру жоспарланған. Құрылыс алаңының жалпы ауданы - 4 гектар жерді құрайды. Бүгінгі күні болашақ білім ордасының құрылысы бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес толық қуатымен жүргізілуде.
Жалпы, құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілген соң кешенде 320 орындық оқу корпусы, 100 орындық жатақхана, оқу-өндірістік шеберхана, волейбол алаңы, бас-кетбол алаңы, алғашқы әскери дайындықты оқыту қалашығы, спорттық стадион болады деп күтілуде.
Аслан Мұратұлы
Суреттерді түсірген
Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ