Биыл індет себепті дәрі-дәмектер мен сақтандырғыш құралдарының құны қалай аспандағанын білеміз.
Бас бермей кеткен дәрі бағасын тұрақтандыруға бас қатырған арнайы мекемелер мен ұйымдар оның да жолын тапты.
Дәрілерге белгіленген шекті бағалар бар. Мәселен, шекті баға құны 120 теңге тұратын бір дәріні 121 теңгеден сату – заңсыз әрекет. «Оның құнын кім біліп жатыр?» десеңіз, дәрілердің тізімі мен бағасы жарияланған сайтқа үңіліңіз. Атырау облыстық "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесі дәрілердің шекті бағаларын анықтайтын QR код енгізді.
Жақында QR код бетшесі Исатай ауданы орталығындағы дәріханаларға ілінді. "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің аудандағы өкілі Ербол Ақтан Аққыстау ауылының тұрғындарына QR кодты қалай пайдалану керектігі жайлы түсінік берді.
Оны қолданудың еш қиындығы жоқ. Смартфоныңыздың камерасын қосып, парақшадағы QR кодқа бағыттасаңыз, телефоныңыздың жоғары жағынан сайт сілтемесі көрінеді. Сілтемеге өтсеңіз, дәрілер тізімі мен шекті бағалар тізбегі шыға келеді. Егер дәрі сайтта көрсетілген шекті бағадан асып кетіп жатса, жобалық кеңсе мамандарына хабараса аласыздар. Мамандардың телефон нөмірлері де бетшеде жазулы тұр.
Бұл жобаның қолға алынуы жайында облыстық "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің жетекшісі Альфия Адилова ауданымызға болған сапарында айтып өткен болатын.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.