Адал еңбек дұрыс бағаланса?

Еңбек адамы деп өзінің кәсібін терең меңгерген адамды айтады.

Ол - дәрігер, мұғалім, кәсіпкер, тағы басқалары.Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында еңбек адамын, адал кәсіп, адал нәсіп тауып жүрген жандарды кеңінен насихаттау туралы үнемі айтып келеді. Мәселен, белгілі бір пәнді жетік білетін, тәжірибесі мол, еңбегі зор ұстаздар қауымын ардақтау үшін спортшыларға беретін сый-сияпат секілді қомақты қаржы белгілеу керек. Енді осы тәрізді ота жасап, науқастарды ажалдан аман алып қалған хирургтерге, ана мен бала өмірін сақтап қалған дәрігерлерге де осындай құрмет көрсетілсе. Сол сияқты мұндай жеңілдіктер басқа да әртүрлі сала қызметкерлеріне жасалса, нұр үстіне нұр болар еді-дағы. Тіпті, егер өз ісіне адалдық танытқан мемлекеттік қызметкерлер болып жатса, кезексіз баспанамен қамтамасыз етсін немесе басқа да әлеуметтік жеңілдіктермен көмектессін!

Біздер қаршадайымыздан еңбекқор кісілерді көріп өстік. Олар қоғамның жұмысы ма, елге ортақ іс пе, еш қажымайтын. Ертелі-кеш ұжымшар, кеңшардың тракторын айдап, малын бағып келетін де, үйдің шаруасына білек сыбана кірісіп кететін. «Мен жұмыстан шаршап келдім, діңкелеп келдім» деген үлкендердің сөзін өз басым естіген емеспін. Аналарымыз да сондай еді. Таң қылаң бере тұрып, сиырын сауып, өріске айдап, бала-шағасының ас-суын беріп, отағасын жұмысқа жөнелтіп, сосын өздері кеңшардың жұмыстарына асығып кетіп бара жататын ақ жаулықтары ағараңдап. Ол кезде адамдардың бәрі шетінен еңбекқор болатын.

Бір «әттеген-айы» жекешелендіру басталған тұста осылардың көбінің ұжымшарға не кеңшарға сіңірген маңдай тер, адал еңбектері еш ескерусіз қалды. Ал, маңдай тер деген не? Маңдай тер – сенің төккен терің, сіңірген еңбегің. Ауданымызда еңбектен бақытын тауып, сан түрлі салада оза шауып жүрген жүйріктер аз емес. Тек соларды қоғамымыз дұрыс бағалай білсе деген ниеттен туған тілек қой, біздікі.

Аяпберген Салихов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT