Адал еңбек – абыройлы мамандық

сурет ғаламтордан

 

Қоғамды алға жетелейтін, елдің дамуына нақты үлес қосатын, күнделікті өміріміздің ажырамас бір бөлшегі – ол жұмысшы мамандығы. Кейде көпшілік бұл мамандықты жай ғана қарапайым еңбек деп қабылдайды. Алайда шын мәнінде, жұмысшы – ел экономикасының тірегі, қоғамның қозғаушы күші.

Менің ойымша, жұмысшы мамандығына деген қоғам көзқарасы өзгеруі керек. Жұмысшы болу – ол кемшілік емес, керісінше үлкен жауапкершілік пен еңбекқорлықты талап ететін абыройлы іс. Қолымен жасап, маңдай терін төгіп жүрген адамдар – шынайы құрметке лайық. Себебі олар нақты нәтиже көрсетіп, өмір сапасын жақсартуға үлес қосады.

Бүгінгі таңда техника дамып, өндіріс автоматтандырылып жатқанымен, жұмысшы мамандықтары өз маңызын жоғалтқан жоқ. Керісінше, жаңа технологияларды меңгерген, заман талабына сай жұмыс істей алатын білікті жұмысшыға сұраныс артып келеді. Бұл мамандықтар – ешқашан ескірмейтін, әрдайым қажет болатын тұрақты кәсіп.

Жастардың арасында жұмысшы болуға деген қызығушылықты арттыру үшін бұл мамандықтың мәртебесін көтеру – өте маңызды. Еңбегі әділ бағаланған, жалақысы жоғары, еңбек жағдайы қауіпсіз жұмысшылар – еліміздің болашағына берік тірек бола алады.

Қай салада болмасын, нағыз даму нақты еңбекпен келеді. Ал еңбек ететін – жұмысшы. Сондықтан жұмысшы мамандығын тек кәсіп емес, елге қызмет етудің бір жолы деп түсінуіміз керек. Осы кәсіп иелеріне құрметпен қарап, олардың еңбегін бағалау – әрбір саналы азаматтың парызы.

Жұмысшы – елдің болашағын салатын адам. Еңбек адамына деген құрмет те, қолдау да ешқашан аз болмауы тиіс.

 

Диас ТАБИҒАТ,

ҚазҰУ-нің 1 курс студенті

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT