Президенттің: «2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі.
Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек» деген сөзі тек мені ғана емес, барша қазақстандыққа да ой салғаны анық.
Шын мәнінде, бүгінгі таңда ең бастысы –адал еңбек. Адал еңбек мұратқа жеткізеді. Қай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Нақты бір мамандықтың қыр-сырын білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанға ғана емес, өзге елдерде де бәсекеге қабілетті болуы керек. Қазір шетелге барып, қандай жұмыс болса да, еңбек етіп жүрген жастарымыз жетерлік. Солардан үлгі алуға тиіспіз.
Ата-бабаларымыз еңбектің маңызын жете сезініп, өмірден алынған талай мақал-мәтелді ұрпақ тәрбиесіне арқау еткен. Оларды балалары мен немерелерінің құлағына құйып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Халқымызда «Еңбек – адамның екінші анасы», «Еңбек – ерлікке жеткізеді, ерлік – елдікке жеткізеді», «Еңбегі аздың – өнбегі аз, еңбегі көптің – өнбегі көп» деген дана сөздер бар. «Еңбеккер ұйқыдан ширап тұрады, Еріншек ұйқыдан қирап тұрады» деген керемет мақал да бар. Расында да, еріншек адамның ұйқысы қанбай, үнемі шаршап тұратыны және өзінен басқаға өкпелеп жүретіні белгілі.
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы:
«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар
Ақылың мен қайратың екі жақтап...» – деген. Бүгінгі заманға сәйкестендіріп айтар болсақ, бұл жерде ақын өзіңнің күш-қайратың, ерен еңбегің және ақылың мен білімің қиындықтың қыспағынан алып шығатын бірден-бір жол екенін нұсқап тұр.
Қазір нағыз еңбек ететін заман келді. Бүгінгі таңда кәсіпкерлікпен айналысқан адамның бағы жанып тұр. Мал бағып, егін еккен жанның адал еңбегі өзін де, елін де асырайды.
Көршілес жатқан Өзбекстанның өзінде 9-сыныптан кейін әр оқушы өзінің қандай мамандыққа баратынын белгілеп алады. Содан соң өзі таңдаған сала бойынша білімін жетілдіруге күш-жігерін салады. Оның нәтижесі де бар. Өйткені, ол ертеңгі күні өз кәсібінің білікті маманы болып шығады.
Адамның қабілеті әртүрлі. Бірі математика жағына, есептер шығаруға жүйрік болса, енді бірі әдебиет пен тарихты жетік біледі. Тіпті жақсы оқитын оқушының өзі қиналып оқитын пәндер кездеседі. Бірақ бізде соған қарамастан, оқу үлгерімі төмені де, орташасы да, үздігі де он бір сыныпты түгел оқып шығады. Оның балалардың сана-сезіміне, ойлау қабілетіне ауыр соғатын кездері де болады.
Мектептегі мұғалімдер де оқушыларды еңбек етуге баулығаны жөн. Реті келгенде айта кетейін, бұрын оқушылар 9-сыныптан кейін ауыл шаруашылығы жұмысына жіберілетін. Сонда жасөспірімдер алғаш рет «еңбектің» дәмін татып, табыстың оңай жолмен келмейтінін түсінетін. Аз да болса жалақы тауып, өзіне киім-кешек және оқуына қажетті құрал-жабдықтар, кітаптар сатып алатын. Балада «мен мұны маңдай теріммен таптым» деген ой пайда болады. Кім болса да, өзінің осындай табыс тауып, пайдалы жұмыс істегеніне қанағаттанады. Жоғары оқу орнына түскен кезде де студенттік жасақтар құрылып, жазғы демалыста ауылдарға барып, кірпіш құйып, үй мен мал қораларын салып, әрі қаржы тауып, әрі шаруашылықтарға қолғабысын тигізіп қайтатын еді. Бүгінгі таңда кейбір мектептерде еңбек сабағының өзі қалай болса солай өткізіліп, балаларды еңбекке бейімдеуге айтарлықтай көңіл бөлініп отырған жоқ.
Қазіргі нарық заманында бұл жұмысты дәл бұрынғыдай ұйымдастыру мүмкін емес шығар. Бірақ оның оңтайлы жолдарын қарастырса, тиімділігі өте жоғары болмақ. Соңғы жылдары «Жасыл ел» деген студенттер жасағы құрылып, жұмыс істеп жатқанын естіп жүрміз. Бірақ ол бүкіл жастарды толық қамтымайды. Егер қазір де студенттер жазғы демалыста ұйымдасқан түрде еңбек етсе, олардың әлеуметтік жағдайы жақсара түсер еді. Дүние жүзінде экономикасы ең дамыған алғашқы үштікке кіретін Жапонияда бастауыш сынып оқушыларынан бастап, бүкіл мектеп шәкірті өздері оқитын сыныптарын өздері жуып-жинап, таза ұстайды екен. Оларды еңбекқор етіп тәрбиелеу бұл елдің оқу орындарының басты мақсаты болып табылады.
Алдымызда цифрландыру заманы, робототехниканы дамыту кезеңі келе жатыр. Қазіргі еңбек – оқу, іздену, нақты жобалар бойынша жұмыс істеу. Сондықтан жастарды сала-сала бойынша алдын ала бағыттаудың, еңбекке бейімдеудің маңызы өте зор.
Осы орайда баланы ерте бастан еңбекке араластыру жөн секілді. Бірақ қазір олардың жұмыс істеуіне тыйым салынған. Бұл жас буынның алаңсыз білім алуына, денсаулығы жақсы болуына өте қажет те шығар. Әйтсе де еңбек етіп, шынықпаған балалар бойкүйез, жалқау болып кетпей ме? Олардың бойында масылдық пиғыл қалыптасса, қалай болады? Осы жағы бәрімізді де алаңдатады.
Абай атамыз «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деген. Сол сияқты әр адам өзінің қалаған мамандығын таба білсе, еңбегі жанады, сол жолда бақытқа, құрметке бөленеді, еңбегінің жемісін жейді. Мысалы, қалада жақсы автокөлік жөндейтін шебер, үй техникасын жөндейтін мықты маман, он саусағынан өнер төгілген тігінші, кісі келбетіне сән беретін шаштараз болса, жұрттың бәрі соған бармай ма, мұндай маманның табысы да зор болмай ма... Өзім ұзақ жылдар бойы мұнай саласында еңбек еттім. Ол заман мен бүгінгі кезді салыстыруға келмейді. Жерасты байлығын игеру үшін күн-түні елдің шетінде, желдің өтінде, қыстың аязына, күздің өткір суығына, қырық градус аптап ыстыққа шыдауға тура келді. Қанша қиналсақ та, ақ тер, көк тер еңбек еттік. Еліміздің дамуына үлес қостық. Тоқ етерін айтқанда, қарапайым адам қай уақытта да сый-құрметке бөленетіні анық. Ендеше, адал еңбекті қадірлейік!
Құрмет ТӨЛЕУІШОВ,
мұнай саласының ардагері,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері,
Аққыстау ауылы