Адал жол армандарға жеткізеді ауданда өткен марафон жемқорлыққа қарсы күреске арналды

ХХІ ғасырдың ойы еркін, ісі мығым, істе озат, қызметте үлгілі, қоғамда белсенді жастары – сыбайлас жемқорлыққа қарсы. Осындай ұранмен республика бойынша өтіп жатқан «Адал жол – Честный путь» марафоны ауданымызда да кең көлемде ұйымдастырылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың және мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығы, сондай-ақ Астана қаласының 20 жылдығына арналып өткізілген ауқымды шараға мемлекеттік қызметкерлер, жастар ұйымдары, спортшылар, мектеп оқушылары және қоғамдық ұйымдар атсалысты. Шараның басты мақсаты - сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық көзқарасты және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жауапкершілік қалыптастыру.

Аудан орталығы – Аққыстау ауылынан бастау алған шара жаяу жүгіріспен басталды. Оған 260-тай адам қатысты. Ал, велошеруге - 30, автошеруге 15 көлік қатысты. «Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз» деп ұрандатып, бірдей жейде киген марафонға қатысушылар бірауыздан осынау қоғамдық дертпен күресуге қоғам назарын аударуға тырысты. - Өйткені соңғы жылдары белең алып кеткен коррупция мәселесі алаңдатуды қажет етіп тұр. Сондықтан мұндай спорттық, мәдени, әрі қоғамдық шаралар заңдық тұрғыда әрекет ете алмағанымен, қоғам ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастырып, өскелең жас ұрпақты қылмыстан ада, ойы тұнық болуға үндейді, -деді ауданымызға арнайы сапарлап келген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы – Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов.

Аудандық шаралардың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан құттықтау сөз сөйлеп, өткізіліп жатқан шараның маңыздылығына тоқталса, облыстық өкіл Тоқтамыс Жұмағұлов өзінің ауданға келу мақсатын мемлекеттік қызмет саласында жүргізіліп жатқан реформаларды таныс-тыру, оның нәтижесін бұқараға жеткізу екенін жеткізді. Сондай-ақ Исатай ауданының әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын көріп, қала іргесіндегі дамушы аймақтағы атқарылған істерге оң бағасын берді. Оның айтуынша, ауданымызда соңғы кездері салынған көптеген мемлекеттік мекемелер ғимараттары, спорттық нысандар, мәдени ошақтар, ауылдық округтердегі ауылішілік жолдар – ауданның даму динамикасын айқындайды. Өйткені, мұндай ілгерілеушіліктер еліміздің көптеген аумақтары үшін кәдімгідей арман екен. Аудан аумағының бүгінде 96 пайыз газдандырылу көрсеткіші соның айғағы болса керек. Сондай-ақ Астана күні қарсаңында пайдаланылуға берілгелі отырған жаңа халыққа қызмет көрсету орталығы мен дене шынықтыру және спорт кешені ғимараттары исатайлықтар үшін зор мәртебе. Мұны сол ғимараттарды аралап, ондағы жасалған жұмыстар ретімен танысқан мейман осылай деді.

Жалпы екі күнге созылған жергілікті арнайы мониторингтік топ ауданымыздың барлық ауылдық округтерінде болып, жергілікті халықпен және актив мүшелерімен танысып, ой бөлісті.

Халық алдындағы ойын бүкпесіз айтқан Әдеп төрағасы облыстағы мемлекеттік қызмет туралы, оның бүгінгі даму қарқыны, оны одан әрі жақсарту, жетілдіру турасындағы ойларын ортаға салды. Оның айтуынша, соңғы жылдары Атырау облысы бойынша мемлекеттік қызметке келу қарқыны өте төмен екен. Өйткені, көптеген адамдар, оның ішінде жастар қауымы еңбекақасы мардымсыз, жұмысы қауырт мемлекеттік қызметке емес, мұнай саласына қызметке орналасуға құмар. Оның үстіне мемлекеттік қызметке келу үшін тапсыратын тестілеуден де өту көрсеткіші төмен. Қызметке келіп жатқан мамандардың көбінің біліктілігі көңіл көншітпейді. Осы жайттардың барлығын саралап, сараптаған агенттік алдағы 2019-2020 жылдары мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақасын 2-2,5 есе жоғарылатуды көздеп отыр. Ол кезең-кезеңмен қызметті бағалау әдісімен жүзеге асырылатын болады. Тиісінше, мемлекеттік қызметшілерге деген талап та күшейеді.

Нарын ауылдық округінде өткізілген мәслихатта ауыл тұрғындары ерекше белсенділік танытып, облыстан келген өкілге көкейдегі сауалдарын қоюға асықты. Атап айтқанда, ауыл тұрғыны Ізбасар Қуанышев ауылда дәрігерлік пункттің жоқтығын, жаңа клубтың қажеттігін және жолаушылар пойызының Нарын ауылына тоқтамайтынына қынжылыс білдірді. Ол сауалдарға жауап берген аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Әбілқасымов Нарында дәрігерлік пункттің қазіргі кезде салынып жатқанын, 200 орындық мәдениет үйіне жобалық-сметалық құжаттың жасалып жатқанын, ол бітісімен облыстан қаржы сұралатынын, қаражат көзі шешілсе, құрылыс жұмысының басталатынын жеткізді. Ал, пойыз мәселесі Қазақстан Темір жолы компаниясының құзырындағы мәселе екенін баса айтты. Дегенмен, аудандық әкімдік тарапынан ол мекемеге ұсыныс хаты жіберілетінін жеткізді. Сонымен бірге егер тұрғындар вокзалдағы кассирдің жоқтығына қарамастан, интернет арқылы билеттер алатын болса, пойыз тоқтайды деді.

Исатай, Забурын, Жанбай, Қамысқала, Тұщықұдық ауылдық округтерінде өткізілген кездесу жиналыстарында да жергілікті халық сауалдар қойып, өз сұрақтарына жауаптар алды. Тұрғындар каналдардағы судың жоқтығы, мал ауруы, жастардың жұмыссыздығы туралы мәселелер қозғады.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес, оның алдын алу, мемлекеттік қызмет көрсету және жетілдіру жолдарына арнайы тоқталған Т.Жұмағұлов кабинеттерді аралап, есіктерді қағып, табан тоздырмай-ақ үйде отырып көптеген қызмет түрлерін алудың оңай, әрі тиімді тұстарына тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі кезде мемлекет азаматтарға барлық жағдайды жасап отыр. Бар болғаны электрондық кілт арқылы барлық мәселені үйден тындыруды көптеген адамдар білмейді, білсе де бұрынғы әдіске салып, кеңсе аралау ұстанымынан арылмаған. Ал, ол ұстанымдар өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа апарып соқтыруы мүмкін, - деді. «Қазіргі кезде облыс әкімі Н.Ноғаев өзі қолдап, облыс аумағындағы барлық 72 ауылдық округтер әкімдіктері жанынан арнайы мамандар бөліп, ғаламторға қосылған компьютерлермен қамтамасыз етуге қол жеткізілді. Ендігі жерде шалғай ауылдарда тұрып, үйінде интернеті жоқ адамның өзі орталыққа барып, уақыты мен қаржысын жоймай-ақ оңай, әрі қолжетімі түрде қызметті алатын болады» деді.

«Адал жол – Честный путь» шарасы аясында «Жемқорлық балалардың болашағын ұрлайды» ұранымен өткізілген мекемелер арасындағы кіші аяқдоптан шағын турнирде мықтының мықтысы дараланып, нәтижесінде «Атырау жарық» АҚ-ның аудандық бөлімшесі 1-ші орын, «Атырау газ аймақ» мекемесінің аудандық бөлімшесі 2-ші орын, ал аудандық ішкі істер бөлімі 3-ші орын иеленді.

Аслан МҰРАТҰЛЫ

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521