Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің дамуына, қоғамның тұрақтылығына кері әсер етіп, мемлекеттік қызметтің абыройына нұқсан келтіретін, халықтың билікке деген сенімін төмендететін кесел.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында және мемлекеттік саясатта жемқорлыққа қарсы күресті басты бағыттардың бірі ретінде атап өтті. Бұл – ел болашағы үшін қабылданған маңызды шешімдердің бірі. Президент тапсырмасына сәйкес, бүгінде елімізде параға жол бермеу мәдениетін қалыптастыру, ашықтық пен жариялылықты арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Ауылдық округ әкімдігі ретінде біз де бұл бағыттағы жұмыстарды күн тәртібінен түсірмей, тұрақты түрде жүзеге асырып келеміз. Халықпен кері байланыс орнатып, кез келген мәселені ашық әрі әділ шешу – біздің басты міндетіміз. Әкімдік жұмысы барынша айқын әрі қолжетімді болуы керек. Қабылдаулар, жиналыстар мен есептік кездесулер барысында тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдап, заң аясында әділ шешім қабылдау – басты қағидамыз.
Халыққа заңға қатысты маңызды мәліметтер, арыз-өтініш жазу тәртібі және мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алу жолдары туралы ақпараттар әкімдіктің ресми парақшасында, арнайы ақпараттық бұрыштарда және тұрғындармен кездесулер кезінде түсіндіріліп келеді. Бұл халық пен әкімдік арасындағы сенімді арттырудың тиімді жолы болып отыр. Сонымен қатар жастар арасында адалдық пен әділдікке негізделген дүниетаным қалыптастыру – басты басымдықтардың бірі. Осы бағытта мектеп оқушыларымен, жастар ұйымдарымен кездесулер өткізіліп, адалдық, әділдік, жауапкершілік тақырыптарында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес – бір күндік шаруа емес. Ол үздіксіз жүргізілетін, жүйелі әрекетті талап ететін күрделі жұмыс. Бұл бағытта әрбір азаматтың белсенділігі мен азаматтық ұстанымы аса маңызды. Біздің басты мақсатымыз – әділдік үстемдік құрған, халықтың билікке сенімі жоғары, парасатты қоғам құру. Бұл жолда бәріміз бірігіп, ел болашағы үшін еңбек етуіміз қажет. Адал болайық, әділ болайық, бірге жарқын болашақ құрайық!
Ерболат МАХАШОВ,
Аққыстау ауылдық округінің әкімі

