«Адам өмірін ақшамен есептемейік!»

 

Таңғы шық кеппей жатып, аудан мен қаланың арасын жалғаған қара жолмен такси көліктері ағылып жатады. Бұл жолдар – кейбіреу үшін тіршілікке бастар сүрлеу болса, енді біреу үшін сағынышқа толы ауылға апарар жалғыз бағыт. Ауданаралық, ауылішілік такси қызметі бүгінгі таңда жай ғана қатынас құралы емес, халықтың күнделікті өмірінің ажырамас бір бөлшегіне айналды. Қоғам алға жылжыған сайын уақыттың құны артты, ал сонымен бірге ақша да басты өлшемге айналғандай. Бірақ жол үстіндегі бір сәттік салғырттық, бір қате шешім бүтін бір отбасының тағдырын өзгертіп жіберуі мүмкін. Соңғы кездері аудан мен қала, ауыл мен ауыл арасындағы жолдарда орын алған жол-көлік оқиғалары осы ащы шындықты еске салады. Жолаушы тасымалына қатысты қауіпсіздік мәселесі тек жүргізушінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

Бұл саладағы түйткілдер заң мен талаптан да бастау алады. Такси қызметін реттеуге бағытталған заңнамадағы соңғы өзгерістер ауданаралық және ауылішілік тасымалға да өз ықпалын тигізбей қойған жоқ. Бағаның қымбаттауы – халықтың көңіліндегі күпті ойды көбейтсе, қызмет сапасы мен қауіпсіздік мәселесі әлі де толық шешімін тапқан жоқ. Біз бұл мақалада біз аудан мен қала арасындағы, сондай-ақ ауылішілік такси қызметінің бүгінгі тыныс-тіршілігін сөз етеміз. Түрлі көзқарасты таразылай отырып, ең басты құндылық – адам өмірі екенін тағы бір мәрте ой елегінен өткізуді мақсат етеміз.

ЖОЛДАҒЫ ӘРБІР САН – АДАМ ТАҒДЫРЫ

Исатай ауданы полиция бөлімі, әкімшілік полиция тобының әкімшілік практика аға инспекторы, полиция подполковнигі Жанаргүл Дәулеткерейқызының айтуынша, аудан аумағында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – құқық қорғау органдарының басты әрі күн тәртібінен түспейтін міндеттерінің бірі. Осы мақсатта жыл бойы жүйелі түрде жедел профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, жол қозғалысына қатысушылардың тәртібі мен жауапкершілігін арттыруға басымдық беріліп келеді.

Атап айтқанда, «Қауіпсіз жол», «Тасымалдаушы», «Жылдамдық», «Құқықтық тәртіп» атауымен өткізілген рейдтік шаралар патрульдік полиция тобының тікелей қатысуымен жүзеге асырылған. Аталған профилактикалық жұмыстардың нәтижесі жол-көлік оқиғаларына қатысты алаңдатарлық ахуалды айқын көрсетіп отыр. 2025 жылы  аудан аумағында барлығы 43 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Аталған жол апаты салдарынан 4 адам қаза тауып, 91 тұрғын түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алып, медициналық мекемелерге жеткізілді. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда едәуір жоғары. Өйткені 2024 жылы 29  жол-көлік оқиғасы орын алса, 3 адам көз жұмып, 51 адам жарақат алған еді. Бұл деректер бір қарағанда жай ғана статистика болып көрінгенімен, шын мәнінде әрбір санның артында адам тағдыры, отбасының қайғысы, орны толмас өкініш жатқанын көрсетеді.

Жалғасы газеттің №5 (4270) санында

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT