Адасқанның алды жөн, арты соқпақ

Мемлекеттің ұстанып отырған діни саясатқа байланысты соңғы кездері халық арасында, соның ішінде жастар, мектеп оқушыларына арналған діни радикализм мен фанатизмнен, экстремизмнен және қазіргі кезде өзекті болып жүрген салафизмнен сақтандыру шаралары азды-көпті аудиториялардың қатысуымен көптеп өткізіліп жүр.

Бұл жерде мемлекеттік мүдде тұрғандықтан, оған барынша атсалысу – барлық салалардың міндеті. Осы мәселе жөнінде өткен аптада аудандық «Жалын» мәдениет үйінде аудандық ішкі саясат бөлімі және ақпараттық-талдау орталығы мұрындық болған «Діни келісім – тұрақтылық кепілі» атты «театрландырылған көріністер байқауы ұйымдастырылған болатын.

Аққыстау, Нарын, Новобогат, Исатай, Х.Нәубетов, Абай және Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп оқушылары қатысқан көріністер байқауында қазіргі таңда өзекті болып отырған ұл мен қыздың өз жанұясынан безіп, бөлек ағымға ілесуі, ата-ана, бауырларынан жырақтауы, радикализмге бой ұрып, мемлекет пен қоғамды мойындамауы, мемлекетіміз ұстанатын ханафи мәзһабы бағытына көндікпей, ұзын сақал қоюы мен қысқа балақ киюі, тіпті «сен кәпірсің» деп өз анасы ұсынған дәмді ішпей, қоғамға қарсы шығу мәселелері шынайы сахналана білді.

Мәселен, көрініс кейіпкерлері кіндік кесіп, етек жапқан туған өлкеден безініп, сонау жас баласынан еңкейген кәрісіне дейін қару кезеніп, жері отқа оранған Сирия еліне жиһадқа барып, адасады. Артынша арнайы қызмет органдарына тұтқындалғаннан кейін есін жиып, тәубасына келеді. Бұл жерде жастардың ауылдағы шырылдаған ата-анасымен қатар Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына қарасты өңірлердегі мешіттердің имамдарының еселі еңбегін көрдік. Аталған мәселе бойынша Нарын мектебінің жеткіншектері ерекшеленсе, Абай атындағы орта мектеп соңғы заманауи уатсап және әлеуметтік желілері әсерінен ойы бұзылған қоғам шындығын барынша шынайы жеткізе білді. Әсіресе, өрімдей жастардың «ойбай, олар кәпір, өйткені Аллаһтың тура жолында емес, ал мешіттегі имамдар бидағат сөйлейді, олардікі сандырақ, ақи, сен одан да бізбен жүр, жолың ашылады, асыл дініміздің нұрына малынасың, Аллаһтың сенімді құлы боласың, бауырларға көмек береміз, жиһад жолына түсеміз» деп жылышырай сөйлегендеріне әрі күліп, әрі замана шындығына қынжылдық.

Шара соңында өлкетанушы, аймаққа белгілі қаламгер Мұрат Бектенов төрағалық еткен қазылар ал-қасы ұзақ кеңесіп, бас жүлдеге Аққыстау орта мектебін лайық деп тапты. Ал, 1-ші орын Нарын, 2-ші орын Х.Нәубетов және 3-ші орын Новобогат орта мектептеріне бұйырды. Сонымен бірге арнайы номинациялар беру тәртібі бойынша «Әйел адамның үздік рөлін» Абай атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Асылзат Балтабекқызы және «Ер адамның үздік рөлін» нарындық Төлеген Әли еншіледі. Ал, «Әртістік бейнені үздік сомдау» жүлдесін Аққыстау мектебінің 9-сынып оқушысы Дастан Камалов жеңіп алды.

Облыста алғаш рет ұйымдастырылған аталған байқауға арнайы қатысқан облыстық дін істері бас-қармасы Ақпараттық-талдау орталығының басшысы Мейірбек Құбышев исатайлық өрендердің аса күрделі тақырып аясында өткізген байқауын өте жоғары бағалағанын айта кеткен жөн. Кәсіби актер болмаса да Абай атамыз айтпақшы, «болмаса да ұқсап баққан» оқушылар қауымы ерте кезден ненің бұрыс, ненің дұрыс екенін ескеріп өссе, асыл дініміз көрінгеннің аяғында тапталмасы анық.

Аслан Мұратұлы

Cуретті түсірген Әбілмажан Шарапиденов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT