АҒА БУЫНДЫ АРДАҚТАП...

(0 Votes)

Қарттарымызды қамқорлау, құрмет көрсету, олардың бақытты, бақуатты өмір сүруіне жылы жүрек, түзу тілекпен үлес қосып, қиналғандарына қол ұшын беріп, қуанғандармен бірге қуануға тырыса іс қылып келе жатқан қоғамдық ұйымдардың бірі – Аққыстау ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымы. Бұл азды-көпті әрекетімізді әспеттеу емес, атаулы күнгі ыстық ықылас.

Қарттармен жұмыс туралы айтсақ, осы жылдың өзінде бұл тұрғыда біраз шаруа жасалынып келеді дей аламыз. Әрине, әркім көрпесіне қарай көсілетін заманда біздің де қолымыздан келгенінше қылған қарекеттеріміз бұлар.

Жалпы, қазақтың әдетінде қарттарымыз қанағатшыл болып келетіні рас. Оларға сәл көңіл бөлудің өзі кәдімгідей марқайтып, бір жасап қалуына себепші. Бұл ретте мерекелі көктем уақытында аудан әкімі Н.Мусиннің округ орталығында, сондай-ақ, далалық аймақта тұратын жастары 90-нен асқан ардагер аға-апалар – Жаңылсын Дүкенова, Ұлмекен Жаруллина, Смағұл Биекенов және Маукеш Шайқығалиеваларға (суретте) арнайы көрісе барып, амандық-саулық сұрасып, сый-сияпаттарын табыстауы құптарлық қадам болды.

Осы тұрғыда бастауыш ұйымның ұсынысын қолдаған округ әкімі Ғ.Боранбаевтың ұйтқы болуымен аудандық сот, прокуратура, полиция бөлімі, аудандық мәслихат депутаты С.Шарапиден, сондай-ақ, аудан әкімдігінің бөлім қызметкерлерінің демеушілігімен кәрілігіне, саулығына байланысты далаға шыға алмайтын 38 ардагерге Наурыз мерекесімен құттықтай барып, сый-сияпаттарымызды табыстау да биылғы берекетті істеріміздің бастапқыларының бірі.

Бұндай көңіл бөлу халықаралық әйелдер күніне орай әр саладан зейнетке шаққан апа-қарындастарымызға да көрсетіліп, көңілдеріне қуаныш сый еткенімізге өзіміз де қуанғанымыз рас. Ол ардагерлердің арасында М.Шалабаева, Ө.Шакесова, К.Әженова, С.Балманова, Г.Кабулова, Қ.Құбанова, Д.Данбаева, Ж.Махмудқызы, Ә.Сұлтанова сынды әр сала ардагерлері бар еді. 

Ұлы Жеңістің 78 жылдығына орай Жеңіс күні аудан орталығындағы Ұлы Отан соғысынан оралмай қалғандардың ескерткіш тақтасына гүл қойып, тәу етуге 40-тан астам ардагердің қатысуына, кейін Зинеден Құрасұлы мешітінде боздақтар рухына дұға бағыштауларына мүмкіндік жасап, алғыстарын алу да біз үшін бір ғанибетті іс болғанын айта кеткіміз келеді.

Бүгінде аумағы ұлғайып, түрлі нысандар саны артқан Аққыстау ауылы алғаш аудан орталығы болып жарияланған 1970 жылдардың соңынан бастап, 80-90 жылдары онда жүргізілген әлеуметтік объектілер мен тұрғын үйлер құрылыстарында қолтаңбалары қалған ардагер құрылысшылар өкілдерімен ұйымдастырылған кездесу кеші де аға буынға көңіл бөлінуінің көрікті бір көрінісі болды дей аламыз.

Осы жылы округтегі жалғызбасты, күнкөрісі төмен зейнеткерлерге ауыл кәсіпкерлерінің демеушілігімен қайырымдылық көмектерін көрсету де жалғасын тапты. Жылы жүректі кәсіпкер жандарға, солардың ішінде ерекше белсенділік танытып келе жатқан халық қалаулысы А.Тахаеваға алғысымыз зор. Округ бойынша жалғызбасты, күнкөрісі төмен ардагерлерімізге жәрдемші болып жүрген әлеуметтік қызметкерлердің де еңбегі айтарлықтай. Мұндай игілікті істерден бастауыш ардагерлер ұйымының алқа мүшелері К.Бахитов, И.Қаражанов, Ф.Ихсанов, Қ.Мұхтаровтар да қалыс қалмай келеді.

Әрине, айта берсе, қарттарымызды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Олардың алдағы уақытта жалғаса бермегіне сөз жоқ. Алдымыздағы ардагер аға-апаларымыз аман болсын!

 

Қожантай СЫДИХОВ,

Аққыстау ауылдық округі

бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы  

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT