Ағамен болған бір сапар

 

Көптің қамқоры болған халық емшісі Зинақаң, Зинеден Құрасұлын Нарын өңірінде білмейтін жан болмас. Ол кісінің елге жасаған жақсылығын тізе берсек көп қой. Мен де кезінде ол кісімен жиі сұхбаттаспағанмен кездесіп қалғанда аман-саулық алысып, асыл ағаның амандығын тілесіп жүретінмін. Ол кісімен мына бір кездесуім әлі ойыма орала, сол күндерге сағынышты қозғайтыны бар. 

Ол кезде «Забурын» кеңшарында жүргізушімін. 1981жылдың күз мезгілі болуы керек, бір күні машинаммен Забурынға, қазіргі Зинеден ауылына жүк алып бардым. Жүгімді түсіріп болғасын бір шаруаммен Зинақаң үйіне соқтым. 

- Оу, құда бала, отыр. Кешке жұмыстарым біткесін сенімен Жанбайға барам,- дегені. Ол кісіге асығыспын деп айта алмайсың. Содан түнгі сағат 11-лерде ауылдан шығып, Жанбайға тарттық. 

Бақытжан деген құрдас жігіт жол бойында Манаштың теңіз жағындағы Ақжалға соға қайтуымды өтініп, «семьям бар, ала келерсің» деген. «Апырмай, Зинақаңа айтсам ба, айтпасам ба» деп келе жатқам, қапелімде аузымнан шығып кеткені. Ол кісі «Е, соқ-соқ, жүрсе ала кетейік» дегені. 

Түннің іші әрі өзі ата-енесінің үйінде болса, қайдан жібере қойсын. «Сонымен босқа бардық-ау» деп ол кісіден ыңғайсызданып та барам.  Зинақаң болса: «Түнгі сағат 1-де сылқыған жас жігітке қайдан келінін жібере қойсын» деп әзілдеп, әлгі бір ыңғайсыздықты жойып жіберді. 

Манаш пен Қызтуғанның ортасында «Кәрім өзек» деген жер бар. Сол жер - көп авария болған жер. Бір машина аударылып, шофері қайтты. Бір мотоцикл аударылып, тағы екі кісі қайтқаны бар. Бірде «К-700» тракторы шалқасынан түсіп, ішіндегі үш жігіт бірдей көз жұмды. Бұлар - менің білетінім ғана.

Сол жерге жақындаға-нымызда «Кәрім өзек» деген неткен жер?» деп қалдым ағаға. Сонда ол кісі: «Бұл жерден түнде емес, күндіз сақ болып жүру керек» деді жаймен. Ағаның сол айтқаны үнемі ойымда жүреді.

Зинақаң түнгі сағат 3-терде Шайкос деген балдызының үйінен түсіп қалды. Осы бір сапарлас болуым еске түскенде ол кісінің қарапайымдылығы мен адалдығы, сондай тамаша адам болғаны ойыма оралып, қолыма қалам алдым.

Айтқандай, бөте-кемнің ауыратыны бар еді, жол үстінде ағаға оны да әңгімелегем. Тыңдап отырып: «Ол дым да емес, жазылады, маған келіп кетерсің» дегені. Құнтсызбыз ғой, артынан «анау-мынау» деп жүріп бармай қалдым. Бірақ осы күні әлгі бөтекем ауырмайды, «аға сол мезгілде қарап жіберді ме екен, кім білсін» деп ойлап қоямын қазір.


 
Мұстажап АЯШҰЛЫ,
зейнеткер.
Жанбай ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT