«Өнерліге – өріс кең» деген халқымыз. Сол айтқандай, ауылдарда да өзі сүйген іске шын беріле еңбектеніп, оң нәтижелерге жетіп жүргендер жоқ емес. Бір өкініштісі, біздің олар туралы көп біле бермейтініміз. Сондай өнер иелерінің бірі теңіз қолтығындағы Зинеден ауылында тұрады. Қарапайым ағашты әрлеп, «жан бітіретін» шебер – осындағы Гагарин атындағы орта мектептің технология пәні мұғалімі Абай Хидуллин. Өткен жылдың қоңыр күзінде Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне орай өткен аудандық шарадағы көрмеге қатысып, тілшілеріміздің фотообъективіне іліккен онымен сұхбаттасудың сәті енді түсті.
- Абай інім, артығы болмас деймін, алдымен өзің туралы қысқаша айтып өтсең. Қай жылы, қайда дүниеге келдің, мектеп қабырғасындағы арман-мақсатың қандай еді, кім болғың келді дегендей...
- 1974 жылғы 20 маусымда көршілес Құрманғазы (Теңіз) ауданындағы Алға ауылының «Көк арна» аталатын елді мекенінде дүниеге келгенмін. Әкем Хидоллаев Салық кеңшарда ветеринар маман болса, анам Кабдешова Сәуле тазалықшы болып тер төккен қарапайым еңбек адамдары еді. Отбасында 10 бала тәрбиеленіп өстік. Мектептегі оқуымды 1981 жылы сол Алға ауылындағы К.Маркс орта мектебінде бастап, кейін сол ауданның Самаркино ауылы, Ганюшкин мектеп-интернатында жалғастырдым.
Кезінде өздеріңіз де бастан өткерген боларсыздар, мектепте оқып жүрген кез арманшыл кез ғой. Менде де арман көп болды. Соның бірі суретші болу болатын. Сол арман, сол талап мені әр нәрсені қалт жібермеуге, әр жайтқа үңіле білуге, түсіне жүруге үйретті. Сол арман мені ойға бейнелеу пәні мұғалімі Руслан Сахаев ағайға еліктете өсірді десем өтірік емес. Арман адастырмайды дейді, мектеп бітірген соң Орал қаласындағы Пушкин атындағы университетке оқуға тапсырып, өкінішке қарай жолым болмады.
Ауылға келіп, бұрынғы «СПТУ-12» училищесінде 8 айлық курсты тәмамдадым, одан кейін әскери борышымды өтеп оралдым. Әскерден келген соң отбасыма жәрдемдесіп, мал шаруашылығымен айналыстым. Бірақ, қайда болсам да, қандай іспен айналыссам да суретші болу арманымнан ажырағаным жоқ.
2000 жылдары Исатай ауданының Зинеден (бұрынғы Забурын) ауылына қоныстанып, осында еңбек етіп келемін.
- Қолөнермен алғаш қай кезден бастап айналыстың? Не себеп болды? Алғашқы жұмысың не болып еді?
- Зинеден ауылында Ю.Гагарин атындағы орта мектепке жұмысқа орналастым. Кейін 2004 жылдан бастап мектепте технология пәні мұғалімі болып ұстаздық қызметімді бастадым. Оқушыларға білім бере жүріп, суретшілік дағдыммен ағаш бетіне сурет салып, оны пышақпен ойып, түрлі дүниелер жасап жүретінмін. Және өз қолымнан шыққан осы дүниелерімді сабақта оқушыларыма көрнекі құрал ретінде пайдаланатынмын. Бұған шәкірттерім де үлкен қызығушылық танытатын, бұл мені қолға алған ісіме құлшындыра түсетін.
Қолөнермен алғаш рет нақты айналысқан кезім – 2013 жылы. Оған себепші болған сол кездегі директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Қалекесқызы еді. Бірде ол кісі маған Шаймардан Сариев атындағы облыстық музейде күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының 190 жылдығына орай көрме өткелі жатқанын айтып, соған қатысып көруге кеңес берді. Қатыстым, жұмыстарым мамандар назарына ілікті, мадақтама қағазын, ақшалай сыйлығын иелендім. Содан кейін де бірнеше рет аудандық, облыстық көрмелерге қатысып, алғыс хаттарға ие болдым, басқа да сый-сияпаттар көрдім.
Алғашқы жұмысым - ағаштан ойып бедерленген Құрманғазы Сағырбайұлының бейнесін рельеф бағытында жасауым. Сосын кішкене сандықша сыртын ойып өрнектеуім де көптің назарын аударып жүрген алғашқы жұмысым болды.
- Әріптестерің, шәкірттерің, жалпы ауылдастарың өнеріңе қалай қарайды?
- Әріптестерім, шәкірттерім өнерімді жақсы бағалайды. 2013-2017 жылдар аралығында көптеген әртүрлі жұмыстарыммен көптеген көрмелерге қатыстым. Қазіргі кезде қолөнерді шәкірттеріме үйретіп, солардың өнер көрмелеріне қатысуына мұрындық болып жүрген жайым жар.
- Қандай құралдар пайдаланасың? Қазіргі уақытта мұны кәсіпке айналдырса да болғандай ғой.
-Шеберхана бар. Бірақ құрал жағы аздау. Қазіргі кезде онлайн саудада керекті құралдың бәрі бар ғой, тек оның бәріне қаржы жағы қолбайлау бола береді. Көпбалалы отбасымыз, жолдасым да қазіргі уақытта жұмыссыз отырған жайы бар.
Әрине, сіз айтқандай, бұл шеберлігімді кәсіпке айналдырсам да болады қолдау болып жатса. Кей-кейде туған күн, басқа да қуаныштарда жақын, жанашыр жандарға қолөнер туындымды тарту етемін, үлкені де, кішісі де жылы қабылдап, алғыстарын жаудырып жатады, соған қуанамын.
- Бір сөзіңде үйреніп жүрген шәкірттерім бар деп қалдың. Оларды да көрмелерге қатыстырып келеді екенсің, нәтижесі қалай?
- Үйреніп жүрген талапты шәкірттерім бар. Үш жыл бұрын бір оқушым республикалық «Алтын қазына» қолөнер байқауына қатысып, 3-орын алды. Облыстық, аудандық көрмелерге қатысып жүлде алған шәкірттерім де баршылық. Қазіргі уақытта шәкірттеріме ағаштың бетіне күйдіріп сурет салуды да үйрете бастадым. Бәрі де берілген тапсырмаларды жақсы талаптанып, қызығушылықпен орындайды.
Әрине, қолөнер де шығармашылықпен жұмыс қой. Мен де одан еш уақытта қол үзбеймін. Жаңа ойлардың, әсем әлемдердің жетегінде жүретін кездер жиі болады. Жалпы, ағашы табылса, қашаумен бетіне ойып өрнек сала бастаймын, былайша айтқанда, «жан бітіремін» десем болады.
- Әңгімеңе рахмет. Өнерің өрісті, жемісті бола бергей!
Сұхбаттасқан
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР