Қазақта «ағаштан түйін түйген» деген керемет теңеу бар ғой. Міне, сол сөздің мағынасын осы шебер қолды кейіпкердің жасаған дүниесіне қарап бағамдай алдық. Бұл да оң саусағынан өнер тамған нағыз шеберлерге берілетін баға.
Аққыстаулық мұнайшы Әміржан Қабделов бүгінде гимназия мектебінде ағаш ұстасы болып қызмет етіп жүр.
Оның көп уақыты мектеп шеберханасын да өтеді. Бұл жерден ағаштан жасалған гүлдердің сәндік стенділерін көруге болады. Білгеніміздей, мұны ол ағаштардың керексіз қалдықтарын пайдалана отырып түрлі құрал-саймандардың көмегімен жасаған екен.
Шебер қажетті құрал-саймандарының кейбір жоғын түгендеп, үйден алып келетінің де жасырмады. Тіпті, қызығушылық танытып, жасап беруін өтінген адамдар қатары көбейген.
- Бала кезден сурет салуға, ағаш қиықтарын, есік топсаларын жөңдеуге әуес болғаным рас. Ой жетегінде жүріп, әдемі пейзаждарды қағаз бетіне түсіріп, бейнелегенім есімде. Одан қалса, өңі кеткен, қираған жиһаздарды да жөңдеп қоятын өнерім бар еді. Негізгі мамандығым -мұнайшы. Сол арқылы көп нәрсені меңгердім. Осы салада табан аудармастан «Жайықмұнайгаз» басқармасы мекемесіндегі «Ұңғыларды жерасты жай жөңдеу» цехында 36 жыл қызмет еттім. Кейін денсаулығыма байланысты ол жұмыстан босатылдым. Араға шамамен 3 жылға жуық уақыт салып, жаңадан ашылған гимназия мектебіне жұмысқа орналастым. Онда ағаш ұстасы болып қызмет етіп келемін. Бұл менің бала кездегі шығармашылық қабілетіммен ұштасқан қызығушылық, сүйікті ісім десе де болады. Осы мектепке жұмысқа келу арқылы бойдағы қарым-қабілетім оянып, бір жағы басшылардың тапсырмасымен гүлдердің сәндік стенділерін жасауды қолға алдым, - дейді шебер.
Ол бұл жұмысты жеке кәсіпке айналдыруға болатынын да айтып өтті. Алайда оған бос уақыт болуы қажет.
- Айтатыны жоқ, күніне қызығушылық танытып, тапсырыс береміз деушілер де көбейді. Алайда, оған уақытым жоқ, мүмкін алға қарай ойлана жатармын. Негізі ағаштан жасалған бұйымдардың бір-бірін қайталамауын басты назарға аламын. Ағашты қолға алғанда басыма небір тың ойлар келеді. Бастапқыда осы стенді жасау үшін 1-2 сағат уақытым кететін. Ал қазір қолдың машықтанғаны соншалық, 15-20 минутта-ақ дайындап тастаймын. Бұл гүлдер үшін табиғи ағаштан жасалған, сондықтан олар қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Жарық жеткілікті мөлшерде кез келген өсімдіктерге еніп кетуі өте маңызды, өйткені, барлық гүлдер стендтің айналасында орналасқан. Бір жағынан мектеп дәлізін әдемілігімен аша түсіп әрі көп орын алмауы үшін тиімді әдіс, - дейді ол.
Кейіпкеріміз бұл өнердің ата-әжесі мен ата-анасының бойынан көрмегенін де естімегенін де айтады.
Бұдан бөлек, жастайымнан спортқа да қызығушылығым басым болды. Бала көңілдегі арманымның бірі чемпионатқа қатысып, биік шыңдарды бағындыру болған. Әйтсе де, менің жетпеген асқар шыңыма ұлым жетіп, қазіргі таңда талай биіктерден көрініп жүр. Тіпті, елдің абыройын арқалап, намысын қорғап, әлем чемпионатына қатысып, чемпион атанып жүрген Ержан ұлымды көбі танитын да шығар. Сондықтан, әр баланың жетістігі әке үшін риясыз қуаныш, шынайы бақыт деп айта аламын. Үлкен ұлым – мұнайшы. Мен жетпеген белеске, өз балаларымның жеткені кеудемді қуанышқа кернейді. Мендегі бұл ерекше қасиет өз балаларыма дарыған емес. Әркімнің өз таңдауы, қалауымен ғана ғұмыр кешіп келе жатыр, - дейді өз ісінің шебері.
Сағыныш ҚАЙЫР