Аққыстауда Исатай батырға еңселі ескерткіш орнатылды

Бүгін аудан орталығында Халық батыры Исатай Тайманұлының еңселі ескерткішінің ашылу салтанаты өтті.

isaesk

isaeskl

Аудан әкімдігі ғимаратының алдына қойылған ескерткіштің ашылу шарасын белгілі айтыскер ақын Саадат Нұрманов жүргізді. Алдымен «Жалын» мәдениет үйі өнерпаздары тарту еткен театрландырылған көрініс Исатай мен Махамбеттің өр образын сәтті сомдады. Одан соң аққыстаулық ақын Қожантай Сдихов батыр баба рухына жүрекжарды жырын арнап, ел тілегін толғауы арқылы жеткізді.

isataieskt

Шараға арнайы келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов ел рухын көтерген ерекше жиында алғашқы сөз кезегін алып, аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың исатайлықтарға жолдаған ыстық сәлемін жеткізді.

– Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы өткенімізге көз жүгіртіп, болашағымызды бағамдау үшін жарияланған болатын. Мұндағы мақсат ұлы даламыздың қай жерінде болмасын, еліміздің егемендігі үшін қаны мен терін қатар төккен ата-бабаларымызды келешек ұрпаққа насихаттау еді. Міне, бүгін сондай жарқын істің бір көрінісі ретінде Халық батыры Исатай бабамыздың ескерткішін ашқалы отырмыз, - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Ескерткіш лентасын салтанатты түрде қию құрметі батыр ұрпағы Рысқали Таңқашев пен ел ағасы Қабдрахим Маралұлына ұсынылды.

isatesrt

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Серік Мәтениязов: - Исатай бабамыздың ескерткішінің жасалуына 5 ай шамасында уақыт өтті. Әуелі аудандық, облыстық конкурстан, кейін Нұр-Сұлтан қаласынан мемлекеттік комиссиядан өтті, - дейді ол. - Басындағы эскизде батырдың қолында найза мен қалқан ұстаған бейнесі сомдалған еді. Кейіннен комиссия мүшелерінің тарапынан Исатай бабамыз садақшы, құралайды көзге атқан мерген болғандығы айтылды. Сол пікірге сүйеніп, қорамсағын да қостық. Бұдан бұрын Махамбет ауданына Махамбет бабамыздың мүсінін орнатқан едім. Исатай батырды да сомдау менің еншіме бұйырғанына қуаныштымын. Бұл ескерткіш ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін жәдігер болатынына сенеміз. Салтанатты шара «Туған ер Исатай да - ел бағына» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты.

Серікбол Панабердиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521