Қазан айының 18-24-і аралығында облыстық "Ақжелкен" шығармашылық орталығында "Оюлар әлемінің сыры" атты симпозиум өтті.
Төрт күнге созылған шараны орталық директоры Нұрберген Даулетов ашып, облыстық ардагерлер кеңесінен Серік Мұқанбетов, алматылық Қазақстан шеберлер Одағының мүшесі, этнодизайнер Ұлбосын Дауленова сөйлеп, қолөнер шеберлері бұйымдарының көрмесі тамашаланды.
Біздің тұщықұдықтық Ағила Ғұмарованың өзі тоқыған терме алашасына көптің назары ауып, орталық басшысы оған жастарға алаша тоқуды үйретуге ұсыныс жасады. Келушілерге ауылымыздың әжелері жасаған бұйымдары да көрсетілді. Келесі үш күн бойы орталықтағы "Ақсәуле" қолөнершілер алаңында Ұлбосын ханымның киіз басудан тегін шеберлік сабағы өтті.
Симпозиумның жабылуы кезінде шеберлер қолынан шыққан бас киім, кеудеше, байпақ, сөмке, тағы басқа дүниелерді көрдік. Ұлбосын ханым ата-бабамыздан қалған мұндай мұралардың емдік қасиеті де барын, қазақтың оюлы текеметіне шетелдіктердің қызығушылығын әңгімеледі. «Сондықтан, киіз басуды жаңа үлгіде дайындауды насихаттау керек» деді этнодизайнер. Осы тұста «киіз үстінде еңбектеген бала ауырмайды» дегенді үлкендерден естігенім бар еді, ол да дұрыс болар деп ойладым. Қалай болғанда да шеберлік сабағынан алған әсеріміз жақсы болды. Соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар берілді.
Қабира КАЮМОВА,
Тұщықұдық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрайымы