Аграрлық ғылымды жетілдірмей, экономиканы дамыта алмаймыз

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту еліміздің стратегиялық бағыты ретінде айқын көрсетілген. Соңғы жылдары бұл салаға үлкен қолдау көрсетіліп, биылғы жылы ғана 1 триллион теңге бөлінді. Дегенмен, басты мәселе қаражат көлемінде емес, оны тиімді пайдалану мен нақты жоспарлауда.

Қазір агроөндірісті терең өңдейтін ірі жобалар іске асуда. Нәтижесінде мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылып, өнімдер шетел нарығына шығарылуда. Бұл тәжірибені барлық аймақта кеңейту, үздік агрокәсіпорындардың тәжірибесін таратып, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні ауыл шаруашылығына енгізу – аса маңызды.

Жер – стратегиялық ресурс. 2022 жылдан бері мемлекетке 13,5 миллион гектар жер қайтарылды, бірақ оның жартысы ғана жаңа пайдаланушыларға берілген. Сондықтан жерді тиімді игеру, әділ бөлу және оны цифрлық форматта басқару – негізгі міндеттердің бірі.

Аграрлық ғылым да өзекті мәселе болып отыр. Бөлінген қаржыға қарамастан, әзірлемелердің қайтарымы төмен. Ғылымды өндіріс пен инновацияға жақындату, ветеринария мен фитопатология салаларын дамыту арқылы бұл мәселені шешуге болады.

Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі – 40%, ал жұмыспен қамтудағы үлесі – 50%-ға жуық. Бұл жаман көрсеткіш емес, бірақ саланы жүйелі жетілдірмей, экономиканы дамытуға нақты серпін бере алмаймыз. Қазіргі кезде екі миллионнан астам шағын бизнес субъектісінің ішінде өнім өндіретіндері 6%-ға да жетпейді. Орта бизнестің жағдайы да көңіл көншітпейді.

Сондықтан құқықтық базаны жаңғырту қажет. Қазіргі таңда 21 кодекс пен 300-ден астам заң бар, олардың көп нормалары бір-бірімен қайшы келіп, бизнестің дамуына кедергі келтіруде.

Аудан кәсіпкерлерінің пікірінше, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында ауыл шаруашылығы техникалары мен құрал-жабдықтарға қолжетімділікті арттыру қажет. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын тиімді жүргізу үшін трактор, тырма, жер тегістегіш («гладка») және басқа заманауи құралдарға мемлекеттік қолдау көрсету ұсынылады. Бұл іс-шаралар егістік алқаптарын уақтылы әрі сапалы өңдеуге, еңбек өнімділігін арттыруға, шаруалардың шығынын азайтуға және жергілікті аграрлық бизнестің тұрақты дамуына ықпал етеді.

 

Самат Есенов,
Исатай аудандық қоғамдық кеңес төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT