Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің алдағы экономикалық бағытын айқындап, жаңа инвестициялық кезеңнің басталуы қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысы қазіргі таңда қаржының басым бөлігі шикізат салаларына құйылып отырғанын, алайда уақыт талабына сай ендігі міндет – өңдеу өнеркәсібіне, жоғары технологияларға және шағын-орта бизнеске инвестиция тарту екенін нақты айтты. Бұл қадам Қазақстан экономикасының ұзақ мерзімді әрі тұрақты дамуына жол ашады.
Ауыл шаруашылығы саласына қатысты Президенттің айтқан ойлары да елдің болашақ дамуы үшін айрықша маңызды. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан бұл салаға зор қолдау көрсетілуде: қомақты қаржы бөлінді, шаруаларды қолдауға биылдың өзінде бір триллион теңге жұмсалды, қажетті несиелер уақытылы берілді. Мұндай ауқымды қолдау еліміз тарихында алғаш рет жүзеге асуда. Дегенмен, Мемлекет басшысы атап өткендей, мәселе қаржы көлемінде емес, оның тиімді әрі мақсатты пайдаланылуында. Шын мәнінде, агроөнеркәсіптің әлеуеті орасан зор, бірақ оны толық ашу үшін Үкіметтің нақты жоспары мен жүйелі іс-қимылы қажет.
Президенттің бұл бастамалары ауылдық жерлер үшін де үлкен мүмкіндік туғызатыны сөзсіз. Экономиканы әртараптандыру ауылдық аймақтарда жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға серпін береді. Инвестициялық саясатқа жаңаша көзқарас – тек жалпыұлттық деңгейдегі стратегия емес, сонымен қатар аудандық деңгейдегі дамудың нақты бағдары.
Яғни, Жолдауда көтерілген мәселелер ауыл мен қала арасындағы алшақтықты азайтуға, өңірлердің әлеуетін тиімді пайдалануға, ел экономикасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Бұл – Қазақстанның даму жолында жасалған кезекті маңызды қадам ғана емес, аймақтардағы әрбір азаматтың болашағына әсер ететін стратегиялық шешім.
Дидар ЕСМҰХАНОВ,
аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы