Күні кеше Астана қаласындағы жеке тұрғын үй секторындағы өрт нәтижесінде орын алған қайғылы жағдай кім-кімнің де сай сүйегін сырқыратып, бейжай қалдырмағаны анық. Ел ішінде сондай жағдаяттар болмас үшін оның алдын алу мақсатында өткен аптада аудан әкімінің өкімімен «Тұрғын үй секторында өрттің алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру бойынша жұмыс тобын құру туралы» жұмыс тобы құрылған болатын.
Бастамаға іле-шала қолдау білдірген тиісті салалар аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің ұйымдастыруымен елді мекендегі тұрғын үй секторында өрттің алдын алу бойынша өткен аптада арнайы рейд жүргізген еді. Ауқымды акцияға Аққыстау ауылдық округінен 15, «Қазтрансгазаймақ» АҚ Исатай аудандық газ шаруашылығынан 5, аудандық полиция бөлімінен 8, аудандық бұқаралық ақпарат құралдарынан 2, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен 4 және №6 өрт сөндіру бөлімінен 10, барлығы 50-дей адам жұмылдырылған шарада аудан орталығы тұрғындарына арнап тұрмыстағы өрт қауіпсіздігінің талаптары туралы нұсқаулық жүргізілді.
Сонымен бірге тұрғындарға түсінік жұмыстарын жүргізу бағытындағы жұмыс топтары тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларды, жалпы саны 500-ге жуық үйді аралап көріп, жадынама бетшелерін таратты. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады.
Ғаріпжан Құрманов,
аудандық төтенше жайғдайлар бөлімінің маманы.