Баланың жүрегіне патриоттық сезім мен ұлттық рухты ұялату – тәрбие мен білімнің асыл мұраты. Осы мақсатта еліміздің түкпір-түкпірінде өтіп жатқан түрлі шығармашылық байқаулар – жас буынның рухани әлеуетін арттырып қана қоймай, олардың жасырын талантын жарыққа шығарып, үлкен арманға жол ашып келеді. Соның жарқын бір дәлелі – жуырда өткен «Қазақстанның ғажайып жауһарлары!» республикалық сурет байқауы.
Қазақ даласының әсем табиғаты мен көркем көріністерін қағаз бетіне түсіру арқылы балалардың елге, жерге деген сүйіспеншілігін арттыруды көздеген байқау – дарынды жастарды қолдаудың тағы бір биік алаңына айналды. Байқау шарты бойынша қатысушылар еліміздің әр өңірінің таңғажайып табиғатын бейнелеу арқылы өз шығармашылық көзқарасын, елге деген махаббатын суретпен жеткізуі тиіс болатын.
Осы сыннан сүрінбей өтіп, сурет өнерінің сиқырлы әлемінде өзгелерден оқ бойы озып шыққан Исатай ауданындағы мектеп-гимназияның оқушылары Айару Нұрберген мен Аяна Робердқызы болды. 8-сынып оқушысы Айару мен 4-сыныптағы Аяна республикалық байқауда І орын иеленіп, арнайы төсбелгімен марапатталды. Ең қуаныштысы – қос оқушы бұл жеңістерін Астана төрінде, елордада өткен марапаттау салтанатында иеленіп қайтты. Шағын ауылдан шығып, үлкен сахнаға көтеріліп, ел алдында лайықты құрметке бөлену – балалардың жүрегінде мәңгілікке жатталар сәт екені анық. Әрине бұл жеңіс қос шәкірттің ғана емес, ауданның да абыройы, ұстаздың да еңбегінің жанған сәті.
– Біз әрбір жұмысты талқылап, жетілдіріп, үлкен жауапкершілікпен дайындалдық. Оқушыларым екеуі де талантты балалар. Әсіресе Айару Нұрберген кішкентайынан суретке жақын, бойында туа біткен таланты бар. Қазір сурет үйірмесінің тұрақты қатысушысы. Өте сабырлы, биязы мінезді, ойын сөзбен емес, суретпен жеткізетін ерекше қабілетті шәкірт. Сабақтан тыс уақытта, қоңырауларда да қолынан қыл қаламы түспейді. Ал Аяна Робердқызы – сурет өнеріне жақында ғана қызығушылық танытқанымен, ынтасы мен ізденісі арқылы үлкен нәтижеге қол жеткізді. Жетістігінің артында тынымсыз еңбек пен табандылық жатыр. Екі шәкіртімнің болашағынан зор үміт күтемін, ал бүл жетістік соның бір алғашқы әрі нық қадамы іспетті,-дейді жетекшісі, көркем еңбек пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы Нұрсәуле Идрисова.
Айару Нұрберген суреті
Оқушылардың бұл жетістігі, бір жағынан, мектептегі көркем еңбек пәнінің, шығармашылық үйірмелердің маңызын тағы бір мәрте айқындап берді. Бала бойындағы көркемдік талғамды дамыту – тек бейнелеу өнеріне емес, оның жалпы дүниетанымына, ойлау қабілетіне де оң ықпал ететіні даусыз.
«Қазақстанның ғажайып жауһарлары» атты байқаудағы жеңіс – Айару мен Аяна үшін үлкен шығармашылық жолдың бастауы ғана. Бұл жеңіс – олардың ішкі жан дүниесінің сұлулығы мен туған елге деген сүйіспеншілігінің көркем көрінісі. Сурет – олар үшін жай ғана өнер емес, жүрекпен сөйлейтін тіл, елге деген махаббаттың бояумен салынған балалық баламасы.
Исатайдан шыққан қос суреткердің биік белестерді бағындырып, болашақта қазақ өнерінің жауһарына айналатынына сенім зор. Өйткені, жүрекпен салынған сурет ешқашан үнсіз қалмайды.
Ж.ИСЛАТ