Айбас ауылдарына сапар

Ауданда биылғы қаңтардың 1-іне тіркелген мал басы 23241 мүйізді ірі қара, 36370 қой-ешкі, 25450 жылқы және 8904 бас түйе малдары болды. Осынша мал қыстақтан өткен ауылдарға, енді міне, көктем де келді. Көктегі күннің шуағы молайып, айналамызды шуақ мекендеп алғалы да біраз уақыт. Еңбегінің өнбегін ойлаған шаруа ағайынның жұмысы шашетектен болатын шақ та осы. Өйткені, өткен жылдың жазы-күзі бойына алдағы қыстаққа дайындалып-ақ баққан, сол қыстақты да аман-есен өткеріп болдық па деп жатқан олардың «қызыл қырманы» басталар күн жетті. Деректерге қарағанда, сәуір айына дейін-ақ, аналығын айырып айтқанда, 11886 бас сиырдың бұзаулағаны - 9746, 19046 бас қойдың қоздағаны - 14855, 5141 бас ешкінің лақтағаны - 4267, 25450 бас биенің құлындағаны – 15779, ал 8904 түйенің 4273-і боталап үлгерген. 

 Еткен еңбек, төккен тердің нәтижесі көрінер осы бір шақта қырдағы ауылдың үлкен-кішісінің ауылдан ұзап шығатыны жоқ, сірә. Мал баққан ағайынның үлкен-кішісінің «әншейінде ат арытып таба алмайтын адамыңның төл алу кезінде төбесінен түсесің» деп әзілдейтіні де содан болса керек. Қай уақытта да еңбегі ерен олардың «бота боздап, қой қоздап қорада шу» болып жатқан шағына өзіміз де куә болып, құмдағы ауылдың қазіргі тірлігіне тағы бір үңіліп қайтуды құп көрген ниетте жолға жиналдық.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қыдыржан Ермұханов ұйытқы болуымен Тұщықұдық ауылдық округінің құм өңіріне бағытталған сапар мақсаты - тек шаруаны көріп қайту емес, олардың бүгінгі тыныс-тіршілігіне зерделей үңілу, алдыңғы буын аға малбегілер еңбегін кейінгіге үлгі ету. Солардың бірі де бірегейі сынды анау Айбас ауылы үлкендерінің бірі, биыл 70 жастың желкенін керіп отырған ардагер Көшербай Байдошев ағамызға құрмет көрсету, шаруагерлерді саладағы істе болып жатқан жаңалықтармен құлағдар қылу да екен.

«Шәркейдегі» шырайлы шаруа

Жүйрік көлігіміз жүйткіп келеді. Осыдан төрт-бес жыл бұрын құм өңірінің азаматтары ұйымдасып, бұрынғы жолмен жарыстыра тың жерден салған көлік жолы сайрап жатқан күре жолға айналып үлгеріпті. Бұл мұндағы елде көлік құралдарының көбейгенін, соның арқасында орталықпен барыс-келіс жиілеп, жолда көлік көбірек жүретін болғанын да көрсетіп тұр. Мұнда үй басына бір көлік десе болады, тіпті, екі-үшеуден мінгендері де жоқ емес. Осының өзі-ақ жарығы, интернеті, байланысы жақсарған құмдағылардың тірлігі де заман көшіне ілесіп жатқанын паш етеді.

«Шәркейдегі» шырайлы шаруа иесі «Құмарбеков Нұрхат» шаруа қожалығына жеткенімізде күн бесінге ауып үлгерген. «Іздегенге - сұраған» демекші, қоздаған саулықтардың өрістен қайтар сәтіне дөп келіппіз. Біз де қора басына жеттік, керіле түсіп жатқан шағыл төбешіктер арасынан бір-біріне шұбыра ілескен қойлардың да басы көрінді. Енелерінің үні жетісімен кең аулаға шығарылған қозы біткен маңырап, айнала азан-қазан болды да кетті.

Қойларын қосып бағуды қош көретін қос шаруашылықтың иелері әкелі-балалы Алпамыс пен Нұрхат науқан кезінде көмекке келген Бақытжан бауырларымен бірге саулықтарды бөліп-бөліп кіргізу қамында. Онысы енесі мен қозысының бірін-бірі тез табуы үшін екен. Егіз қозыларға сәл пысығанынша бір түсті жіп байлап қоятын болған жігіттер адасып жүргендерін енесіне әкеп қоса қояды.

-Қазір 300-ден астам саулық төлдеп тұр. Жалпы осында 735 бас қой бар, оның 710-ы - аналық қой. Төлдеп үлгермеген бойдақ қой бөлек бағылып, олар өрістен кештете оралады,-дейді қолы қалт еткен сәтте біз әңгімеге тартқан Нұрхат бауырымыз. Айтуынша, былтыр Жылыой ауданындағы асыл тұқымды еділбай қойын өсіретін «Достан ата» шаруа қожалығынан 25 бас қошқар алыпты.

- Өздеріңіз де көріп тұрсыздар, төлдері жақсы, ірілеу болып келеді. Өз есебімізше, биыл ойдағыдай төл аламыз деп жоспарлағанбыз, сол межеден көрінетін шамамыз бар,-дейді шаруагер.

Шүкір, қойдан бөлек сиыр, жылқы малы да бар қожалықта мал басы өсе түскен. Осыдан кейін биылғы Наурыз мейрамы аясында қой малына ұтыс ойынын да ойнатыпты.

- Мұндай шара көршілес Жылыой ауданында жиі өтіп тұрады екен. Біз де қолға алып көрдік. Он мың теңгелік бір билетке 25 қозылы қой да тіккенбіз, ұтып алған азамат сіздердің алдарыңызда ғана қос көлікке қозылы қойларын тиеп әкетті. Қаржылай да ұтыстар қойылды,-деп өздері ұйытқы болған бір істі баяндап тұрған Алпамыс шаруагердің рация-телефоны шар ете қалды. Бұл өрістегі бойдақ қойларды бағып жүрген көмекші Асыланбек екен, бағымындағы қойының екі-үшеуі өрісте қоздап қалған хабарын алған шаруагер сонда асықты.

Маңдай тердің өтеуі

-Төрдегі «Төлеш қыстағы» аталатын аумаққа кірдік, енді аз уақытта «Байдошев Қуаныш» шаруа қожалығына да жетеміз,-деді Қыдыржан Ермұханов. Алдымыздағы бір биіктен асып түскенімізде қызыл шатырлы үлкен үй бірден көзге шалынды.

Негізінен сиыр, жылқы түлігін өсіретін қожалық соңғы уақытта ұсақ жандық да ұстай бастаған.

Балаларына ақылшы болудан танбайтын, керек кезінде қолдап, көмегін беріп жүрген Көшербай Байдошев ағамыз ауылында екен. Негізгі мақсатымыз бүгінде зейнеткерлік демалыстағы ағамызға Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрі Е.Қарашөкеев қол қойған «Еңбек ардагері» медалін табыстау болатын. Бұл бүгінде жасы 70-ке келген, сонау бір жылдары 15-16 жасынан бастап мал шаруашылығындағы еңбекке араласқан, 1979 жылдан Чапаев атындағы кеңшарда өз алдына бір отар қой алып, аға шопан болған, еліміз егемендік алған тұста, 1996 жылы шаруа қожалығын құрған, осынау жылдар бедерінде қос ұлы – Қуаныш пен Жамағатты малбегілік ісіне баулып жеткізген аға буын өкілінің бірінің елге еткен еңбегінің бағалануы, маңдай терінің өтеуіндей көрінген бізге.

«Қызыл қырман» сынды науқан кезінде бірі өрісте, бірі қора басында жүрген шаруагер жігіттерді іс басынан жолықтырып, біраз жайтқа қанығып та үлгергенбіз. Басында 116 бас сиыр, 46 бас жылқы болған қожалықта қазір төрт түлік түгенделе келіпті. Ол маңыраған қозы, мөңіреген бұзау, боздаған бота үнімен азан-қазан болып жатқан қора басында тіптен анық аңғарыла түсті.

Көшекең еңбек еткелі бергі көрген құрметінің ішінде 1974 жылғы теңіздің тасуында кеңшардың №4 фермасында жұмыс жасай жүріп, қоғам малын апаттан аман алып қалған ерен еңбегі үшін берілген Құрмет грамотасын ерекше атап айтып отырған. Енді, жары Бәтес апа, бала-келіндері мен немерелерінің ортасында омырауына тағылған «Еңбек ардагері» медалі де мерейін өсіре түскендей еді оның. Ардагерге медалін тағып, №1287 куәлігін қоса табыстаған ауданның бас шаруагері Қыдыржан Ермұханов мықты саулық, берекелі тірлік, ұрпақ қызығын тілек етті. Көрсетілген құрметке бек разы болған ардагер де ақжарма тілегін ақтарды.

«Есқалидағы» еңбекқор ауыл

Кезінде «Есқали пункті» аталған аумақта қазір бір-бірінен көзкөрім жерде орналасқан төрт үй отырады. Біздің кештете жетіп, ат басын тірегеніміз шауагер Үміт Қазиеваның ауылы болды. Аяқ асты көтеріліп, үйіре соққан жел құмды суыра ұйытқытып, көз аштырмай қойды да, қора басында, мал арасында сұхбаттасу тіптен мүмкін болмай қалды.  

Отағасы Ғилымғали Нәрешов өмірден озғалы бергі он жылда осындағы іске өзі ұйытқы болып, балаларын ұйыстырып отырған ананың қонақ келсе қуанатын қазақи қалпын бірден байқап, бек риза болыстық.

-Бізден бөлек, осы шұңқырда отырған Асқар, Тұраққали, Жалғасбай есімді азаматтар жеке шаруаларымен отырған - еңбегін емген адамдар бәрі,-дейді шаруагер ана үй төрінде жалғасқан әңгіме барысында.

–Негізінен сиыр, түйе, жылқы малдарын ұстаймыз, аздаған қой-ешкіміз де бар. Қазір малдың алды төлдеп, баяғы «қызыл қырманымыз» болып жатқан кез ғой.

Төрт ұлының үшеуі округ орталығында тұрып жатқан ананың мұндағы көмекшілері – бала-келіні Аманжол мен Ұлмекен, өзінше айтқандағы «ермегі» - Досжан, Данара немерелері, «далада – шаруаға, үйде осыларға қараймын» деп әзілдейді шаруагер. Құдық суы алғаулау болып, ауыз суды орталықтан алдырып отырған шаруагер мал-жанның амандығына, биылғы қыстың жайлы болғанына шүкірлік етіп қояды.

Осы жылы мүмкіндік болса бұрынғы дәстүрді жаңғыртып, жақын маңға жайлауға шығуды балаларына ұсыныс етіп, ой салып отырған Үміт апа құмдағы азаматтардың құптауға тұрарлық тағы бір қарекетін жеткізген. Айтуынша, соңғы уақытта мал басын көбейтуді ойлағандар мал басы көбейгендерден төлдетіп беруге сиыр, қой малдарын алып, оны төлін айырғанша бағып, нәтижесінде өзара келісім бойынша алынған төлдің жартысын иеленіп қалатын болыпты. Осылайша малды болып жатқан азаматтардың бұл тірлігін сүйсіне айтады ол.

Өзі де жасынан еңбекпен жетіліп, сол еңбекпен шыңдалған, сол еңбегінің арқасында біреуден ілгері, біреуден кейін тірлік қылып жатқанына да риза шаруа-гер ана кеудесінде «Ауыл шарушылығының үздігі» төсбелгісі де жарқырайды.

Құтты қонақ келсе...

Сапар барысында «Тәжидендегі» Ерғали Сиғуатов, Айбастағы Телжан Макаримов, Базарбай Сәбиевтердің де ауылына соғып, аман-саулық алыса, жағдайларын сұраса жүрген біз соңында «Көзгөлдегі» қонысында отырған шаруагер Бұқар Бисеновтың ауылына маңдай тіредік.

Мұнда да сол таныс көрініс. Науқанның кезі, қауырт тірлік. Шаруагердің өзі де, көмекшілері де қора жақта жүр. Кешелі-бері құлаққа таныс болып қалған төлдердің үні бейне бір домбырада шертіліп жатқан дала күйі сынды әсерге бөлейді.

Жағдай сұрасып, шаруа жайымен танысып жүрген бір сәтте өрістегі қой да келіп қалды. Қой соңында ат үстінде келе жатқан көмекші Сағидолланың төл қоржыны томпайып келеді екен. Атынан түсіп, шылбырын қораның белдеуіне іле салған Сәкең қоржынды алып жатып шаруагер жаққа күле қараған. Сөйтсек, басқа қойлар қораға кіріп жатқанда, аттылыны айналсоқтай маңырап жүрген қызыл қой өрістен қайтқан жолда қоздап, егіз қозы тауыпты.

-О, азаматтар, «құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деуші еді бұрынғылар, құтты қонақ екенсіңдер. Иншалла, төл алу науқаны да ойдағыдай болып, сәтімен өтер,-деген Бұқар шаруагер де бұл жағдайды жақсыға жорып мәре-сәре. «Қора қойға толсын, мал-жан аман болсын» дестік біз де.

  

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT