Еліміз бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан іс-шаралардың басым бағытының бірі - киелі жерлерді анықтауға арналған жұмыстар. Бұның өзі сонау бір замандардағы ата-бабаларымыздан бері туған жерді қадірлеу қанына сіңген қазақ халқы үшін қасиетті іс десек болады.
Өткен аптада Нарын құмына, дәлірек айтқанда, оның Тұщықұдық ауылдық округіне қарасты Айбас өңіріне аттанған бір топ аттылы азаматтар да осы бір үрдісті жалғастырды. Басты мақсаты кең Нарынның құм жасырған тарихын танып, кейінгі жас ұрпаққа насихаттау, қасиетті жерлерді өз көздерімен көріп, құм жайлаған шаруа адамдарының тыныс-тіршілігімен танысу болған «Киелі Нарын – құт мекен» атты бұл экспедиция құмды өңірді үш күн бойы аралай жол жүріп оралды. Жоба жетекшісі әрі авторы – осы өңірге белгілі азамат, блогер Мақсот Ислат.
Қасиетті құм Нарынның қойнауы ежелден сырға бай, жырға толы, тарихы терең, небір қасиет қонған ұлылар дүниеге келген жер екенін осы өңірді мекен еткен жандар болмаса, былайғы көпшіліктің оның бәрінің ара-жігін анық ажыратып, біле бермесі де анық.
Сәл шегініс жасап, кәрі тарихқа көз жіберсек, 1799 жылы Әбілхайыр немересі, Нұралыұлы Бөкей сұлтан Ресей императорынан өзінің қол астындағы қазақтардың бір бөлігін алып Жайықтың батыс бетіне қоныстануға руқсат сұрап, арада екі жыл өткенде (1801 жылы) I Павелдің жарлығымен Еділ-Жайық атырабындағы шұрайлы аймаққа көшіп, осы жерді құтты қоныс қылып, хан сайланғаны белгілі. Ресейге бағынса да, өзіндік басқару жүйесі бар Ішкі орданы құрып, осылайша бір кезде жеті жұрт мекен етіп, соңғы рет уақытша тұрақтаған қалмақтар да қадірін білмеген керемет жердің қазақтың өзіне бұйыруына үлкен мүмкіндік туған еді. Ақын Әбубәкір Кердерінің «Еділ-Жайық екі су – Кент орнаған жер екен» деуінің де мағынасы осы. Кешегі сайын даланың саңлақтары, белгілі күйшілер - Баламайсаң, Есжан, Жаңбырбай, Ғилман, Хисмет, Шәмшиден, Ғибатолла, Рысбай, Ғатау, Әзидолла, Қаршыға сынды тарландар, ақын-жыршыларымыз Насихат Сүгірұлы, еліміздің Әнұраны авторларының бірі Жұмекен, поэзия падишасы атанған Фариза мен Нарынның наркескені Нұралылар өмірге келген жер де осы Нарын емес пе еді?! Ал өңірдің тарихи сипатын айтсақ, ол – Еділ мен Жайық арасындағы құнарлы, шүйгінді жайылымды өлке. Сондықтан тіршілігінің көзі, ата кәсібі болған мал шаруашылығының жайымен, төрт түлігінің қамымен жаз жайлау, қыс қыстауға көшіп жүретін болған, қазақ ол жерді ежелден мекен еткен екен. Ал оларға дейін көптеген халықтар тіршілік құрып, кейбіреуі тарих сахнасынан мүлдем ығысса, кейбіреулері басқа жерлерді мекендеген не тарихи Отандарына қайтып кеткен.
Иә, Нарынның тарихын бір мақалаға сиғызу, болмаса бір экспедициялық сапармен қамту мүмкін болмас. Десек те, туған жер төсіне ат шалдырып, киелі топырақты жүріп өткен, аталған экспедиция жөнінде аз-мұз қалам тербеп, сапар барысына тоқталып өткенді, одан аудан айнасы оқырмандарын да хабардар қылуды артық көрмедік.
Игілікті іске ұйытқы болып, Тұщықұдық ауылдық округінің «Қызыл көпір» учаскесінен, Жалтырдың кемерінен жорық жолын бастаған «Киелі Нарын – құт мекен» аталған бұл экспедицияны ұлттық киім киген мәдениет қызметкерлері сәттілік тілей сән-салтанатпен шығарып салды. Ақ ауыз тиіп, атқа қонған шабандоздарға бата беріліп, ақ жол тіленуі жорыққа қатысушыларға жақсы көңіл-күй де сый еткенінің куәсі болып бір марқайдық.
Алдымен жиектегі Қызыл үй елді мекенінің үстімен жүріп өткен экспедиция Нұралы ақынның кіндігі кесілген «Үш қызыл» жеріне жетіп тоқтап, туған жеріне қойылған ескерткіш белгі басына ат шалдырды. Нарынның наркескені атанған тамаша жырлар иесінің өзі:
Нарыным, орындалып ойдағы ісің,
Бұлқынып білекте - күш, бойда –ағысың.
Шаруасы асып соққан кемеріңнен
Қазақтың берекелі аймағысың –дегеніндей, бұл жер - талайға қоныс болған, мыңғыртып мал өсірген шұрайлы жердің бірі. Ақынды ардақ тұтар жерлестері оның оның ғажайып ақындығы, өршіл өлеңдері туралы да толғана әңгіме қозғап, естеліктерімен де бөліскен, естелік суреттерге түскен аз-мұз кідірістен соң сапарларын жалғастырды. Биік төбедегі ескерткіш белгі менмұндалап қала берді.
Исатай мен Махамбеттің ат тұяғы дүбірлеткен жерді жүріп өту де, ол жөнінде толғана жазу да оңай емес. Біздің мақсат аз да болса сол бір тарихи сәттерді жүрекпен сезіну, көңіл сүзгісінен, ой елегінен өткізу ғана еді. Соны мақсат тұтқан сапар одан соң құм Нарынның біздің аудан аумағындағы бөлігінің бір шеті болып саналатын, Батыс Қазақстан облысымен шектесетін тұсы Айбас өңіріне аяқ іліктірді. Шөбі шүйгін, мал өсіруге қолайлы саналатын жер Айбаста да бір қауым ел тірлік етіп отыр. Ол жерде де осы аумақты бес саусағындай білетін байырғы тұрғындары Едіге, Бақтығали сынды азаматтардың әріден басталар сырлы әңгімелеріне құлақ түріп, көп жайтқа қанықтық.
Ертесі күні атты жорық дәулескер күйші, «күй анасы» Дина шешеміздің келін болып түскен, ғұмыр соқпағының 40 жылын өткізген «Шәпек обасына» жетіп тоқтап, тәу еттік. Мұнда да сол орынға қойылған арнайы белгі алыстан менмұндалайды екен.
Одан кейінгі жорық жолы «Құсқонбас» өңіріне бастады. Атауы қалай шыққанын дәлірек айту қиын, дегенмен биік шоқы болғасын адам түгел құс та қона алмайтын төбе деген ойдан шыққан сөз бе деп топшылағанбыз. Ал енді бір деректе бұл атау шөптің атына байланысты шыққан делінеді. Биік төбелер басына да құсқонбас аталатын шөп өседі екен. Үп еткен желге де жапырыла жығылып желкілдеп тұратын шөп құсты қайдан көтерсін, содан оған құс та қонбайтындықтан «құсқонбас» аталынып кеткен сыңайлы. Түгін тартса майы шығады дейтіндей шүйгінді, тұщы сулы бұл жерде Таңатар деген азамат шаруасын шалқыта тірлік кешіп отыр. Айнала мыңғырған жылқы малына толы. Сол жергілікті азаматтардың бастауымен бір үйдің көлеміндей, сайлы жерде орналасқан «Исатай татыры» аталатын тарихи орынды іздеп таптық. Зерттеушілердің айтуы бо-йынша осы жерде Исатай батыр көтерілісшілеріне қару-жарақ соқтырып, ұрысқа дайындаған. Бұл орынның бір ерекшелігі, әлгі аумаққа атты қанша айдаса да аяқ баспайды екен. Және бір таңғалдырған жайт, топырағы ерекше, яғни, түсі бөлек (ақ), күкірттің иісі шығады. Айналасы биік-биік шоқылармен қоршалған жер. Махамбет ақынның:
...Біздің анау Нарында
Бір төбелер бар еді,
Айналасы ап шаптырса жеткісіз.
Қиқулай ұшқан қырғауыл,
Күніне құлан да басып өткісіз.
Күндіз келген қонағы
Кешке үйіне кеткісіз.
Қойды мыңға толтырған
Сол Нарынның құмдары.
Түйені жүзге толтырған
Көкпекті шайыр шымдары,-деп келетін жыры Нарыннның осы бір сай-салалы, қойнауы құтқа толы, сұлу да құнарлы аумағына бағышталып айтылған секілді көрінді бізге.
Жалпы сапар барысында бұрын-соңды естімеген көптеген аңыздар мен әңгімелерге де қанықтық, әсем ән де шырқалды, шаруагерлермен емен-жарқын ой бөлісу, пікір алмасулар да болды. Осылайша өткен бұл жорық туған жердің тарихын терең ұғынып, Нарынды жайлаған халықтың тұрмыс-тіршілігімен жақын танысуға жасалған мүмкіндік, құптарлық қадам болды. Қайтар жолымызда да бірнеше атаулы жерлерге аялдап, жер бедерін хаттап, көп жайтты көңілге түйдік.
Құм Нарынның Тұщықұдық ауылдық округіне қарасты аумағын осылай бір шарлап өткен экспедиция қайтар жолда жиектегі Қызыл үй елді мекеніне тоқтап, осындағы мектеп оқушыларымен кездесті. Экспедиция құрамындағы өлкетанушы, «Мирас» өлкетану клубының төрағасы Мәди Өтеғалиев жасөспірімдерге жолсапар барысының маңыздылығын, оның басты мақсатын жан-жақты түсіндірсе, жоба жетекшісі әрі авторы, блогер Мақсот Ислат тарихы тереңнен сыр шертетін Нарынның қасиеті мен кеңдігін, тарихын жетік білу арқылы туған жерді қастерлеуге, патриоттық сезімді қалыптастыруға жол ашылатынын, мұндай жорықтардың кең көлемде тағы да ұйымдастырылатынын тілге тиек етіп, өлке тарихының жас ұрпаққа насихаттала беретінін жеткізді және күтіп алған ұстаздарға, мектеп әкімшілігіне, барша қызылүйлік шәкірттерге алғысын білдірді.
Осынау алмағайып заманда, жаҺандану үрдісінде ұлттық болмысымызды сақтау, киелі топырақта туған асылдарымызды ардақтау, жусан иісі аңқыған боз даланың бауырына бүккен құпия сырларын анықтау, бір сөзбен айтқанда, ата-бабамыз қоныс еткен жеріміздің тарихын түгендеп, тану бүгінгі ұрпақтың міндеті әрі парызы деп білген абзал. Осы сапарды ұйымдастыруға қолдау білдірген аудан әкімдігіне, көлікпен қамтамасыз еткен «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына ризашылық білдірген де дұрыс.
Біз әу бастан бабалар аманатын арқалаған, ертеңге жаңа үміт артқан ұрпақтың өкілі ретінде өз жеріміздің, еліміздің тарихын атадан балаға жалғастыруға ниеттіміз. Сол себепті де мұндай шаралар алда да лайықты жалғасын таба берері анық.
Саябек ШАГИРОВ,
аудандық мәдениет, дене шынықтыру
және спорт бөлімінің
бас маманы