«Тазалық - денсаулық кепілі» десек, ауыл ішінің, айналаңның тазалық талаптарына сай болуы басты назарда болуы керек жайт. Жыл сайынғы аудан бойынша дәстүрлі өткізіліп келе жатқан санитарлық тазалық айлықтарының да мақсаты сол.
Биыл да сол дәстүрден жаңылмадық. Аудан әкімдігінің «2023 жылы көктем және күз айларындағы аудан елді мекендерінде көріктендіру және санитарлық-тазалықтың екі айлығын өткізу туралы» 14 наурыздағы №41 қаулысы болды. 15 наурыз бен 15 мамыр аралығын қамтитын айлық жарияланған аталған құжатқа орай ауылдық округтерде арнайы жоспарлар жасақталып, өткен сенбі күні алғашқы сенбіліктер ұйымдастырылды.
Сенбілікте аудан орталығы мен ауылдардағы мекемелер мен дербес бөлімдер, басқа да еңбек ұжымдары мекемелер ғимараттары айналасына әктеу, сырлау, тазалау, қоқыстарды жинау жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, өсіп тұрған тал-теректер түптерін әктеу, жаңадан көшеттер отырғызуға орындар дайындау жұмыстары да жүзеге асты. Аудан бойынша барлығы 1122 адам себілікке шығып, 10 техника жұмылдырылды.
Білгеніміздей, қоршаған ортаны таза ұстауға, экологиялық мәдениет қалыптастыруға және айналамыздың санитарлық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізер сенбіліктерді алда да ұйымдастырып отыру көзделуде.
Жайна МӘЛІМҚОЖА