«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Исатай ауданының тұрғындарын онлайн қабылдады»,- деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Тұрғындар ауданның жол салу, су жүргізу, электр желілерін жаңарту, Қызылүй каналын қайта жаңғырту, Аққыстау дене шынықтыру кешенін заман талабына сай жабдықтау мәселелерін көтерді.
«Темір жол» мөлтек ауданында соңғы бес жылда электр қуаты жиі кедергілерге ұшырауда. Мөлтек ауданда 12 көпқабытты үй, ондағы 138 пәтерде 700 тұрғын бар. Аталған аудан «Темір жол электр энергиясы» мекемесіне қарайды. Ал, соқалары 1970 жылдан бері жөндеу көрмеген. Сондықтан, желілер мен соқаларды жаңартуды сұраймыз»,-деді аудан тұрғыны Нұрлан Мұрат. Ал, Аққыстау тұрғыны Шахизан Махатов аудан орталығындағы жол салу мен жазғы су жүргізу мәселесін алға тартты.
«Ауылішілік жол салу қажеттігі туындап тұр. Оған қоса жазғы су жүргізу де жұмысы да халықтың сұранысында, өйткені тұрғындар бау-бақша салғысы келеді»,- деді ол өз өтінішінде.
«Биыл Аққыстау ауылының 31 көшесіне 16 шақырым жол салынатын болады. Су желілерін жүргізу жағдайына келер болсақ, жобалық сметалық құжаты жасақталып, сараптама қорытындысы алынды, қазіргі уақытта қаржыландыру көздері қарастырылуда»,- деді Махамбет Досмұхамбетов.
Сондай-ақ, Тұщықұдық тұрғыны Қызылүй каналын қайта жаңғыртуды, ал аққыстаулық Ерболат Насимуллин аудан орталығында орналасқан дене шынықтыру кешенін заман талабына сай жабдықтау қажеттігін мәлім етті. Аймақ басшысы аталған мәселелер біртіндеп шешімін табатынын, барлық айтылған инфрақұрылым бақылауда екендігін айтты.
Сонымен қатар, облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов тиісті сала басшыларына халықтың көтеріп отырған мәселелерін мүмкіндігінше тез шешіп, жасалуға тиісті жұмыстардың сапалы болуын ескертті.