«Айтамыз», «жұмыстанамыз» дейді. Құр сөзбен не бітеді?

«Жылағанның алдынан еңіреген шығады» деген екен.

Жақында бір-екі күнге газ тоқтағанда, тап сол уақытта оншақты сағат бойы жарық та жалп етіп, бір аяқ шай ішу үшін шоқсамаурыны бар үйлерді жағалап кеткен біраз тұрғынды көрдік. Иә, шоқсамаурынды да, шамы мен мұржасын, шоқаяғын сақтап жүрген жандарды көріп: «Оларды неге сақтап жүрсің, енді не қажеті бар?» деп күлгендер де болды. Бірақ, бұл күлкілі емес еді.

Негізі айтпағым судың жайы-тұғын. Өткен жылы ауыз су сағатпен жүрсе де биылғыдан алхамшүкір деуге келетін еді. Биыл уақыты белгіленген су бір сағатта келетін болып жүр. Бір сағат, сағат жарым пайдаланасың, одан кейін тоқтайды да қалады. Себебін ауыл әкімі Дидар Жалғасбайұлынан сұрап көргенбіз. Оның айтуынша, құбыр бойындағы суды кейбір үйлер насос арқылы сорып алатын көрінеді. Енді бос қалған желіні сумен толтыру үшін 4-5 тонна су, 1 сағатқа жуық уақыт жұмсалады екен. Қол жуғыштан ғана сыздықтап ағатын суда қысымның болмауы да соның кесірінен.

Жалпы насосты адамдар екі мақсатқа пайдаланады екен. Біріншісі құдыққа жинап алған суды, екіншісі құбыр бойындағыны тартуға. Құдықтан тартатын насоста кімнің шаруасы бар дейсің? Ал, желінің бойынан сорып жүргендерге неге тыйым салынбайды, осы?

Содан соң суды егінге пайдаланады, көлік жуады дейді көбі. Ол да бар.

Жақында су, газ, ток пайдалану жөнінде жиын болған еді. Жанбайлықтардың біразы қатысқан жиналыста мамандар мәселеге қатысты түсінік берді. Алайда, тұрғындардың жауабына тұшымды жауап та болмады, ешқандай шешім де қабылданған жоқ. Бар әңгіме «Айтамыз», «жұмыстанамызбен» шектелді. Көптің ішінде «Қолында билігі бар мекемелердің бірінші басшылары неге келмейді?» деп кейіс білдіргендер де табылды.

Жазғы су құбыры жүреді дегенге де 2-3 жылдай уақыт өтті. Бірақ, әзірге нақты нәтиже көрінбейді. Аудандық «Нарын таңы» газетінде жария болған басылым тілшісі Жоламан Дәулетиярдың тұрғындардың жанайқайы айтылған «Созылмалы соқырішек» атты мақаласын оқып отырмыз. Созыла беретін соқырішек жарылып тынса не болмақ?

Мұстажап АЯШЕВ

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT