Қайтыс болған адамды күзету керек пе

Аудандық «Нарын таңы» газетінің №2 (3902) 10.01.2019) санында жарияланған Қожантай Сдиховтың «Қазалы үйге қолғабыс етейік» мақаласына орай өз ойымды бөліскенді жөн көрдім.

Алдымен қайтқан адамға күзет не үшін керек деген сұраққа тоқтала кетейік. Әрине, қаза болған адамның мүрдесін ешкім алып кетпейді. Мүрдені үй жануарлары ит, мысық, әурелеп, арамдап кетпес үшін ұйымдастырады. Күзетке сол ауылдың үлкен адамдары мен жақындары қатысады.

Өлім - клиникалық және летаргиялық ұйқы деп екіге бөлінеді. Клиникалық өлім адам суға батып тұншығып өлгенде немесе электр тогына соғылғанда болады, ал, летаргиялық ұйқы - ұзақ жансыз күйде бір немесе екі тәулік, кейде одан да көп ұйықтап қалатын ауру түрі.

Мұндай жағдайларда адамның өлі не тірі екенін анықтау қиын. Сондықтан күзеттің о бастағы негізгі мақсаты - мүрде бір кезде тіршілік нышанын білдірген жағдайда (ыңырсып немесе аяғын тартып, кірпігін қимылдатып белгі беруі мүмкін) алғашқы көмек көрсету, жедел-жәрдем шақыру.

Күзетке қатысатын адамдар осындай кезде кезектесіп ұйықтап, үнемі мүрденің жанында болуға тиісті .Күзет, сонымен қатар, өлікке көрсетілген ақырғы құрмет десе де болады.

Сондай-ақ күзетке қатысатын адамдар мен алыстан келген, қаза болған адамның бауырлары, жақындары, құда-құдағилары, балалары ертеңгі күні ақырғы сапарға шығарып салуға жұмыстанып жүрген адамдарға бір жандығын сойып, қонақасын береді және оны күзет деп атайды.

Қонақасы кезінде ақиреттік киімі (кебін) пішіліп, өлікті жуындыратын, арулайтын және өлікті шығаруға арналған рәсімдерге қатысатын адамдар белгіленіп қояды.

Мақалада Қ.Сдихов: «қазалы үйге қолғабыс етейік» деген пікір білдіріпті. Бұл да өте дұрыс айтылған сөз. Біздің жақта қаза болған үйге кіріп шығу үрдісі бар. Осы жерде бір айта кететін жайт - көңіл айтуға келген адамдар осы кезден бастап, қаржылай ма, әлде заттай ма, мүмкіндігінше бар көмектерін ұйымдастырса, қайтқан адамның үйіне тигізер пайдасы зор болар еді. Өйткені, кенеттен келген ажалдан кейбір отбасылар есеңгіреп қалып жатады.

Қорыта айтқанда, ажалдың алдында кім-кімнің де дәрменсіз екендігі бәрімізге де белгілі.Сондықтан қайтқан адамды ақырғы сапарға шығарып салуды өзінің ретімен өткізейік дегім келеді.

Жолдасқали ЖҰМАҒАЛИЕВ,

зейнеткер-мұнайшы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521