Өрісі кеңейген ақындар айтысының қазір жиі-жиі ұйымдастырылып жүргені құптарлық. Халықтың асыға күтер қас өнерін серік еткен біздің жерлестеріміздің де сол додалардың бел ортасынан табылып жүргені сүйінішті.
Жуырда Маңғыстау облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» тапсырысымен, Жыр-жебе» ақындар мектебі қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен «Маңғыстау-Мәшайықтың басқан жері...» аймақтық ақындар айтысында жерлесіміміз Серікбол Панабердиев өзгелерден оза шауып қуантты. Сөйтіп ол аталған аламанда жүлделі бірінші орынды иеленді.
Дүбірлі додаға «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер ақын Мэлс Қосымбаев, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Жамбыл облысы филиалы төрағасы Ахметжан Өзбеков, филолог-айтыскер ақын, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшесі Алтынбек Сүйінбекұлы, Маңғыстау облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Злиха Теңелбайқызы қазылық еткен екен.
Күні кеше осындай аламан айтыс көршілес Құрманғазы ауданында да ұйымдастырлп, аталған ауданның 95 жылдық мерейтойына арналған «Қасиетіңнен айналдым, Құрманғазым!» атты бұл аймақтық сөз сайысында Серікбол екінші орынды қанжығаласа, тағы бір жерлесіміз Нұрболат Нұғманов үшінші орынды олжалады.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР