Қашанда мәдениет саласының маманы мен өнер адамы өркениетті өмірдің басты тұлғалары болып саналады. Міне, сол еңбегімен биік белестерді бағындырып жүрген аудандық мәдениет үйінің күні кешегіге дейін әдіскері, ал қазіргі таңда режиссері Айымгүл Машаеваны айрықша атауға болады. Өзгелерден бөлек, бойында қабілет-қарымы бар, мәдениет пен өнердің жанашыры болып, талай жыл еңбегін сіңірген көпке үлгілі жан. Қай кезде көре қалсаңыз да, жылы жүзімен айналасына жылулығын шашып, өмірге құштар, өнерге іңкәрлығын да байқай түсесің. Бүгінгі күні ауданымыздың мәдени-рухани саласының кемелденіп өсуіне бағыттаған көшбасшы ретінде танылып, әрі күні кеше республикалық «Ұлт тұлғасы» энциклопедиясына еніп, «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталған болатын.
Кейіпкеріміз Айымгүл Баделқызы – мәдениет саласында үлкен жетістіктерге жеткен тұлға. Ол 2012 жылы Атырау облыстық халық шығармашылығы орталығының «Үздік мәдениет қызметкері» байқауында «Үздік ұжым жетекшісі» атанса, 2016 жылдың қорытындысымен облыс бойынша «Үздік әдіскер» номинациясының иегері болды. Ал 2013 жылы облыста өткен «Күй атасы – Құрманғазы» республикалық фестивалінде 1000 адамдық оркестр құрамында өнер көрсеткені үшін арнайы сертификатпен марапатталған. Сонымен қатар, ол Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен және ҚР Мәдениет және де спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен ұлығыланған. Сондай-ақ, облыс, аудан әкімінің алғыс хаттарын иеленген. Бүгінде де биіктерден көрініп жүрген кейіпкеріміздің жетістіктері мен алдағы жоспарлары жайлы өзі әңгімелеп берген еді.
Отбасылық тәрбие – ұлт мәдениетінің негізі
Айымгүл Баделқызы – тек кәсіби жетістіктерімен ғана емес, адамгершілік қағидаттары мен отбасылық тәрбиені жоғары бағалайтын жан. Өмірден түйгені мол кейіпкеріміздің пікірінше, ұрпақ тәрбиесі – ұлт мәдениетінің басты тірегі.
– Әкем Машаев Бадел – талай шәкірттің жүрегіне жол тапқан ұлағатты ұстаз еді. Ал анам Машаева Қабира – 15 баланы дүниеге әкелген «Батыр ана» атанған ардақты жан. Әкем мен анам бізді бала күнімізден адалдыққа, шыншылдыққа тәрбиелеп, әрқайсымыздың санамызға ізгілік ұғымын сіңірді. Әрдайым «өзгенің ала жібін аттама» деп үйретті. Бүгінде сол тәрбиенің қадірін түсініп, бас иеміз,-дейді ол.
Ол отбасында алған тәрбиенің өмір жолындағы басты бағыттаушысы екенін айтады. Бүгінде әрқайсысы өз саласының маманы атанған бауырлары ата-ана тәлімін басты бағдар етіп келеді.
Мінез – жанның
айнасы
–Адамның жүріс-тұрысы, айналасымен қарым-қатынасы, таным-түйсігі оның мінезін қалыптастырады. Жақсы мінез – мәдениеттің бастауы. Жинақылық, тазалық, сыпайылық, ұқыптылық сияқты қасиеттер де сол мәдениеттің ажырамас бөлігі. Бүгінде кей жастардың бойынан осы қарапайым ұстанымдардың жетіспейтінін байқаймын. Әрине, барлығына бірдей сын таға алмаймын. Бірақ мәдениет саласында қызмет еткендіктен, мұндай көріністер жиі көзге шалынады,-дейді Айымгүл Машаева.
Кейіпкеріміз жастар тәрбиесінде ата-ананың рөлі ерекше екенін алға тартады. Әр баланың тұлға ретінде қалыптасуында отбасының, мектептің және ортаның ықпалы зор.
– Біз де жолдасым Бекболат Днишев екеуміз ата-анамыздың тәрбиесін үлгі етіп, ұл-қызымызды адалдыққа, үлкенге құрмет көрсетуге, кішіге қамқор болуға баулыдық. Қызым Гүзаль – дәрігер, үлкен ұлым Асылхан – телефонист, кіші ұлым Ахмет – жұмысшы. Күйеу балам мен екі келінім де өз саласының озық мамандары. Ал немере-жиендерімнің тәтті қылықтары өміріміздің мәніне айналды, - дейді А.Баделқызы.
Айымгүл Машаеваның пікірінше, отбасыдан басталған ізгі тәрбие – ұлт мәдениетінің түпқазығы. Әр адам өзінің мінезі мен қарым-қатынасы арқылы қоғамның мәдени келбетін қалыптастырады.
қызметке адалдық - өмірлік ұстаным
– Мен 1985-1988 жылдары Гурьев мәдени-ағарту училищесінде клуб қызметкері мамандығы бойынша, кейін 2003-2007 жылдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік педагогикалық институтында музыкалық білім беру мамандығы бойынша білім алдым. Оқуымды аяқтаған соң 1988 жылы туған жеріме жолдамамен келіп, Исатай аудандық мәдениет бөліміне қарасты жылжымалы автоклубта меңгеруші болып алғашқы еңбек жолымды бастадым,-дейді ол.
Кейіпкеріміздің айтуынша, сол жылдары жас маман ретінде аға буыннан көп нәрсе үйренген. Алғаш қызметке қабылдаған марқұм Мирас Қибашев, сахнаға дайындаған Рахымжан Абенов, Света Жылқышиева, Насипа Жұмашевалар сынды өнер майталмандарының еңбегін ерекше атап өтті.
– Сол кезеңде Атырау облыстық халық шығармашылығы орталығымен тығыз байланыс орнатып, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болдым. Аққыстау халық театрының режиссері, марқұм Ғатау Рамазанов сахна мәдениетін, рөл сомдау мен сахнада өзіңді ұстау әдебін үйретті. Жас маман ретінде әр ісіме жауапкершілікпен қарап, тәжірибе жинадым. Ол кезде ауылдағы еңбек адамдарына мәдени қызмет көрсету басты міндетіміз болды. Айбас, Мыңтөбе, Ұштаған елді мекендерінде совхоз малшыларын мәдени шаралармен қамту үшін үгіт бригадаларымен бірге жолға шығып, концерттер мен қойылымдар қойдық,-дейді Айымгүл Баделқызы.
Ол 2004-2006 жылдары Тұщықұдық ауылдық мәдениет үйінің директоры қызметін атқарса, 2006 жылдан бері аудандық «Жалын» мәдениет үйінің әдіскері болып қызмет етті. Жуырда сол ұжымда режиссер қызметіне ауысып, алғашқы шығармашылық жұмыстарын сәтті жүзеге асыруда.
– Жаңа қызметімде Фариза Оңғарсынова туралы қойылымды сахналап, жаңа жылдық ертеңгіліктерді ұйымдастырдым. Сондай-ақ, мұнайшы Құмар Балжанов туралы қойылымның сценарийін жазып, байқаудан жүлделі оралдық. Сонымен қатар, «Халықтық» атағы бар оркестрдің дайындықтарын қадағалап, үш жыл сайын атақтығын қорғауға жауаптымын. Жас мамандарға өз тәжірибемді бөлісіп, кадр даярлау, мекемедегі драма үйірмесін «Халықтық» атаққа ұсынуға дайындық жұмыстарын жүргізіп келемін,-дейді ол.
Ол өз білімі мен тәжірибесін жас мамандарға үйретіп, ұлттық өнердің өркендеуіне адалдықпен қызмет етіп келеді.
Айымгүл Баделқызының еңбегі әріптестері тарапынан жоғары бағаланады. «Еңбек адамның бет-бейнесі» деген нақыл сөзге сай, оның кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі қызметтестерінің арасында кеңінен танылған. Осы бағытта Исатай ауылдық клубының директоры, үзеңгілес әріптесі Салауат Меңдіғазиевтен бірауыз кейіпкеріміз туралы сұраған болатынбыз.
–Қазір 37 жыл тыңбай еңбек етіп келеміз.Ойлап қарасам, 20 жылға жуық уақытым Айымгүл Баделқызымен бірге әріптес болып өтіпті. Иә, әріптесім ауыл мен ауданның мәдениетін өркендету бағытында тыңбай еңбегін сіңірді.Оған өзіміз куәміз.Шіркін, сол бір шақтарға көз салсақ, ертеректе автокөлікпен мәдениет саласының қыздар-жігіттері болып, ауылдарды аралап, біріміздің үйімізге қонақ болып, дәм татып, халыққа да керемет концерттер ұсынып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтынбыз. Осы күні де ол замандастарымен араласып, хабарласып тұрамыз. Алайда жастық кездегідей үнемі дидарласып, шүйіркелесе бермейтініміз рас. Айымгүлдің ұйымдастырушылық қабілеті өте жақсы, ісіне алғыр, сөзіне мығым, білмегенге жол сілтеп, бағыттайды, үйретеді. Әрі жұмысты уақытылы талап етеді. Өткенге зер салсақ, совет үкімет кезінде ауылдық клубтарға құрал-жабдықтар, материалдық, техникалық базалар деген көп жоқ.Сол кезде де кем тұсын жасырып, жақсылықты ғана асырып, қиын күннің ыстық-суығына бірге куә болдық. Осы еңбегі бағаланып, түрлі марапатқа ие болуда. Бұл да бір абыройдың асқақтап, беделдің артқаны,- деп жылы естелігімен бөлісті.
Өмірде кездескен қиындықтарға, сәтсіздіктерге еш мойымай, тек алға жылжи беруді ұстаным еткен апайымызға тек жақсылықтар ғана тілейміз.
Сағыныш ҚАЙЫР