Қайырбек Асанов: Өзгелер мемлекетімізге құрметпен қарайды

Ақын Қайырбек Асанов алдағы президенттік сайлау туралы өз пікірін қалдырды, деп хабарлады Elorda.info.

Тәуелсіздік атты асыл құндылығымыз халқымыздың қаншама ғасырлардан бергі арманы болған. Оны сақтау үшін алдымен бейбіт күн кешіп, тұрақтылықты орнықтыруымыз тиіс. Рим Папасының Қазақстанға арнайы келіп-кеткенін естідік. Мұны әркім әртүрлі жорыды. Кейбіреулер пайдасы жоқ сапарға санады. Бірақ олай асығыс пікірге ұрынуға болмайды. Әлемге әйгілі тұлғалар елімізді елеп-ескеріп, келіп жатса, оның несі айып? Бұл олардың мемлекетімізге құрметпен қарайтынын көрсетеді. Ынтымағы бұзылмаған, іргесі сөгілмеген жұрт екеніміздің белгісі. Әйтпесе жан-жағымыз аласапыран екенін білеміз. Тыныш күнге тәубе етудің өзі үлкен ерлік. Әрине, халқымыз мұны жақсы түсінеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та елдің бейбітшілігін күзетуге күш салып қана қоймай, оны дәріптеп жүр. Мәселен, өткен аптада елімізге бірталай мемлекеттің басшылары келді. Құр келмей әркім өзінің есебін түгендеп, мүддесін соғып табан тіреді. Осы жиында Қазақстан бәрінің басын құрап, мәселелерін ашық айтқызып, оны шешу жолдарын ортаға салды. 

Мұндай жетекшілік кез келген елдің бағына бұйыра бермейді. Сондықтан іс-шараны жақсы бағалағанымыз жөн. Осы қадам арқылы ынтымақ жолында өзгелерге үлгі бола білдік. Алдағы уақытта Президент сайлауы өткелі тұр. Маңызды кезең болғанына қарамастан еліміз ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етумен қатар, сыртқы қатерлердің алдын алуда. Жолымыздан жаңылмасақ, жас мемлекетіміз келешекте талай белестерді еңсеріп, алпауыт елге айналарына сенемін, - деді ақын. 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT