Қайырымдылық турнирінен 500 мың теңге қаржы түсті

Наурыз ауданымыз үшін қайырымдылық пен ізгілікке толы ай болды. Осы ай ішінде екі бірдей отбасының демеушілік арқылы баспаналы болғаны жайында сүйінші хабарды газетіміздің өткен сандарында жариялаған болатынбыз. Ал, ауданымыздан құрылған «Алтын тұғыр» қоғамдық қоры қолға алған «Шаңырақ» жобасының көздегені де бір жанұяға үй сыйлап, шаңырақты шаттыққа бөлеу еді.

Мереке қарсаңында аталған жоба аясында «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының ұйымдастыруымен, аудандық жастар ресурстық орталығының атсалысуымен Аққыстау ауылдық спорт кешенінде «Қайырымдылықтан қалыс қалмайық» тақырыбында футзалдан аудандық ашық біріншілік болып өтті.

Жарыстың мақсаты аудан жастарын спортқа баулу, бос уақыттарын тиімді пайдалану және жарыстан түскен қаржыны (әр команданың қатысу жарнасы) ауыл тұрғыны, аз қамтылған, көпбалалы отбасы Оразақов Арманның жанұясына баспана алып беруге жұмсау болып табылды. Екі күнге созылған тартысты бәсекеге Зинеден, Исатай-1, Исатай-2, Жанбай, Тұщықұдық, Х.Ерғалиев ауыл құрамаларымен қатар аудан орталығынан Аққыстау, Өркен, аудан әкімдігі, «Достар», «Ардагерлер», аудандық ішкі істер бөлімінен «Динамо» секілді 12 команда қатынасты.

Ашылу салтанатында сөз алған ардагер спортшы Е.Насимуллин бұл жарыстың өзге сайыстардан өзгешелігі спортты серік еткен азаматтардың салауатты өмір салтын насихаттай отырып, көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық танытуында екендігін атап өтті. Сондай-ақ ол жарысты ұйымдастырушыларға риясыз ризашылығын білдірді.

Топтық кезеңді сәтті аяқтаған 8 команда ширек финалда кім мықтыны анықтады. Жартылай финалға жолдама алған «Динамо» мен Аққыстау, «Достар» мен Х.Ерғалиев ауылы командалары финалдық жолдамаларды өзара сарапқа салды. Тартысты бәсекеден Аққыстау мен Х.Ерғалиев командалары топ жарып, ІІІ орын үшін ойында «Достар» командасы «Динамодан» басым түсті. Финалдық кездесуде аққыстаулықтар Х.Ерғалиев ауылы командасын ұтып, жарыс жеңімпазы атанып, оларға жарыстан жиналған 500 мың теңге ақшалай сыйлық сертификаты табысталды.

Жеңімпаз Аққыстау командасы жарысты ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, осындай игі шаралар көптеп өтіп тұрса деген ойларын жеткізді және өздеріне ұсынылған қаражатты «Алтын тұғыр» қоғамдық қорының жетекшісі А.Қалиеваға табыстады. Ал, ерекше ойын өрнегімен көзге түскен Е.Рамазанов, Б.Сатыбаев, Р.Багитов сынды ойыншылар бағалы сыйлықтарға ие болды.

- Қолға алған «Шаңырақ» жобасы аясында өтіп отырған екінші шарамыз «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының директоры А.Жұмабековтің ұйымдастыруымен, өте жоғары деңгейде өтті. Командаларға да алғысымыз шексіз. Қайырымдылық жасауға тырысып тұратын, осындай азаматтар көп болса, мұқтаж жандардың қатары азаяр еді, - дейді «Алтын тұғыр» қоғамдық қорының жетекшісі А.Қалиева.

Серікбол Панабердиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521