Ақ тілек, ақ батамен астасқан мереке

Наурыздың шуағымен бірге келетін Амал мерекесі – тек көрісу ғана емес, өткенге тағзым, үлкенге құрмет, ұрпақтар арасындағы алтын көпір. Осы дәстүр аясында Исатай ауданының әкімі Нұрым Мусин арнайы сапар жасап, шалғайдағы Исатай және Зинеден ауылдарында тұратын абыз қариялармен жүздесті,-деп хабарлайды "Нарын таңы" газеті.

Әкім ең алдымен Исатай ауылындағы жасы жүзге жуықтаған Әли Азарбаев ақсақалдың үйіне барып, мерекемен құттықтады. Одан кейін 90 жастағы Нұрсапин Айдолла мен 88 жастағы Көпбергенов Қадіржан қарияға арнайы сәлем берді.

Зинеден ауылында да дәстүрлі амандасу жалғасты. Мұнда аудан басшысы 78 жастағы Әділов Уахит пен 88 жастағы Құбашев Бақтығалидың шаңырағына ат басын бұрып, оларға да ізгі тілектерін арнады. Қарияларға арнайы құттықтау хатын тапсырып, сый-сияпат ұсынды.

– Ақсақалдарымыздың батасын алып, ақжарма тілектерін есту – біз үшін үлкен қуаныш. Ұрпақ сабақтастығын нығайту, дәстүрімізді дәріптеу – басты міндетіміз. Амал мерекесі – тек дәстүрлі көрісу күні емес, бұл халқымыздың татулығы мен бірлігін айшықтайтын ерекше мейрам. Қарияларымыз – елдің қазынасы, ұрпаққа ұлағат. Олардың ақ батасы – жеріміздің ырысы, еліміздің тұтастығының кепілі. Бүгінгі жүздесудің басты мәні – үлкендеріміздің көңілін аулап, мерекелік ақжарма тілегімізді жеткізу. Қарияларымыздың жүзінен нұр кетпей, ұрпағына ұлағат айтып отырғаны – біздің ең үлкен байлығымыз. Бабалар жолын жалғап, дәстүрімізді дәріптеу – баршамыздың парызымыз,-деді Нұрым Мусин.

Кездесу барысында қариялар ақжарма батасын беріп, ел мен жердің амандығын, ұрпақтың бірлігін тіледі. Аудан басшысының сапарына аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов те бірге барып, қарияларға құрмет көрсетті. Амал мерекесі осылайша ізгі тілек, ақжарма көңіл мен шынайы құрметке толы кездесулермен есте қалды.

 

Ж.ИСЛАТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT