Әлеуметтік желілерде, әсіресе инстаграм кеңістігінде өзін «коуч» немесе «психолог» деп таныстыратын түрлі блогерлер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Әрине, бұл салада шынымен кәсіби, білікті мамандар да бар. Алайда «таяқтың екі ұшы бар» демекші, олардың көлеңкесінде халықтың сенімін пайдаланып, жалған уәделермен арбауға тырысатындар да жетерлік. «Аңқау елге - арамза молда» демекші, мұндай жалған коучтар адам психологиясын манипуляциялап, «жеңіл табыс» пен «сәттілікке оңай жетудің құпиясын ашамыз» деп сендіреді. Алайда бұл уәделердің басым бөлігі бос қиялдан әрі аспай жататыны жасырын емес.
«Баюдың 3 нақты қадамы», «Үйден шықпай-ақ табысты болудың сыры», «Бақытты болудың құпиясы» сынды айқайлап тұрған курстарды сіз де әлеуметтік желіден байқап жүрген боларсыз. Осындай жарнамаларға сенген көптеген адам маңдай термен, ақыл-біліммен, қажырлы еңбектің нәтижесінде емес, «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» оңай жетістікке «алма піс, аузыма түс» дегендей қол жеткізуді армандайды.
Мұндай жалған коучтар мен мотивациялық блогерлерді қоғамда «инфоцыган» деп атап жүр. Олар – құндылығы төмен немесе мүлдем пайдасыз өнімдерді яғни кітаптар, курстар, тренингтер, чек-парақтар сатып, табыс табатын адамдар. Көп жағдайда олар әлеуметтік желілерде танымал блогер ретінде танылып, өздерін «коуч», «мотивациялық спикер» немесе «инфобизнесмен» деп атайды. Алайда олардың ұсынатын өнімдері ғылыми негізге емес, манипуляциялық тәсілдерге негізделіп, жеңіл жетістікке уәде берумен ғана шектеледі. Сондықтан кез келген курс немесе ақпарат аларда саралай біліп, ақыл сүзгісінен өткізе білген дұрыс.
Дегенмен мұндай курстарды ұсынатын коучтардың басым көпшілігінің кәсіби білімі де, психологиялық дайындығы да күмән туғызады. Олар ғылыми негізі жоқ, жалпылама мотивациялық сөздер арқылы көпшіліктің сеніміне кіріп, «сәттілік формулаларын» сатады. Бірақ бұл «формулалар» өмірлік шындықтан алшақ, шынайы жетістікке жеткізетін нақты құрал емес.
Оңай жетістік –
қауіпті иллюзия
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бұл мәселеге алаңдаушылық білдірген болатын. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында «Еңбекқорлық пен жауапкершілік ұлтымыздың бірегей болмысына айналуға тиіс. Бүгінде әлеуметтік желілерде әдемі өмір сүру мен оңай олжа табу туралы жарнамалар көбейіп кетті. Бұл халықтың санасына барлық жетістікке қиналмай қол жеткізуге болады деген бос қиялды сіңіреді. Жастардың белгілі бір бөлігі соған сеніп, алтын уақыттарын босқа сарп етуде. Кез келген жетістікке тынымсыз еңбек қана жеткізетіні даусыз. Бұрынғылар «Еңбек бәрін жеңбек» деп бекер айтпаған»,- деп екпін берген.
Президенттің бұл пікірі инстаграмдағы коучтар мен мотивациялық тренингтердің мазмұнымен тікелей үндеседі. Көпшілікке бір сәтте байлыққа кенелу, армандаған жетістікке оңай жету туралы уәделер шынайы өмірдің күрделі еңбегін елемеуге итермелеуде.
Психолог пікірі: Жалған мен шынайылықты қалай ажыратамыз?
ҚР Психологтар одағының мүшесі, ҚР Психосоматологтар одағының мүшесі, ҚР Үздік психологы төсбелгісінің иегері және Аққыстау орта мектебінің психологы Гүлдәурен Меңдіғалиева бұл мәселеге ерекше тоқталды.
– Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде өзін коуч немесе психолог ретінде таныстырып жүрген адамдардың саны көбейіп кеткені рас. Бұл құбылыс бір жағынан психологиялық қолдау мен өзін-өзі дамытуға қызығушылықтың артқанын көрсетсе, екінші жағынан сапасыз және біліксіз мамандардың көптігінен белгілі бір қауіптерді де тудырып отыр.Кәсіби психолог болу үшін арнайы білім, ұзақ мерзімді тәжірибе және этикалық стандарттарға сай жұмыс істеу талап етіледі. Ал инстаграмдағы көптеген блогерлер психология саласында академиялық білімі жоқ, тек әсерлі сөздер арқылы танымал болуды көздейді. Сондықтан кез келген кеңесті қабылдамас бұрын маманның сертификаты мен кәсібилігін тексеру маңызды,-деді Гүлдәурен Сембайқызы.
Бір-бірінен өткен инфокәсіпкерлерге алданып, сан соққандар да жетерлік. Соның бірі – атын жасыруды өтінген 25 жастағы исатайлық тұрғын.
– Бір жыл бұрын әлеуметтік желіде танымал коучтың тренингіне қатыстым. Ол «Сенің өмірің бір-ақ айда өзгереді, табысқа кенелесің, тек ойыңды өзгертсең болды» деп сендірді. Бірнеше онлайн курс сатып алдым, бірақ нақты нәтиже болмады. Әр курс сайын жаңа тақырып ашылып, «тағы бір қадам жасасаң ғана арманыңа жетесің» деген уәделер көбейе берді. Ақырында қомақты қаржымды жұмсап, тіпті бөліп төлеуге несие алғаным да бар. Ақырында ешқандай жетістікке жетпегенімді тіпті не алып, не қойғанымды өзім түсінбей қалдым. Осыдан кейін кәсіби психологқа жүгініп, манипуляцияға түскенімді білдім. Енді мен кез келген маманның білімі мен тәжірибесін тексермей, сенбеуге, ақпаратты саралауға тырысамын. Бұл мен үшін үлкен сабақ болды,-дейді ол.
Ал Гүлдәурен Меңдіғалиева шынайы маманды жалған коучтан ажыратудың бірнеше тәсілін ұсынады:
- Диплом мен сертификатты талап етіңіз.
- Берілген кеңестердің ғылыми негізіне назар аударыңыз.
- «Өмірің түбегейлі өзгереді» деген уәделерге сақтықпен қараңыз.
- Кәсіби этика мен тәжірибені тексеріңіз.
Жалған коучтардың арбауына түспеу үшін не істеу керек?
- Ақпараттық гигиенаны сақтаңыз: Әлеуметтік желілердегі кез келген кеңеске сене бермеңіз. Тексерілмеген ақпаратқа күмәнмен қараңыз.
- Кәсібилікті зерттеңіз: Коучтың білімі мен тәжірибесі туралы сұраңыз.
- Сенімге негізделген манипуляциядан сақтаныңыз: Эмоцияға емес, фактілерге сүйеніңіз.
Гүлдәурен Сембайқызының пікірінше, әлеуметтік желідегі кейбір өзін «психолог» деп таныстыратын блогерлердің кеңестерінен кейін отбасында түсініспеушіліктер мен жанжалдар орын алып жатады. Оның пікірінше, кейбір «кеңесшілер» эмоциялық манипуляция жасап, адамдарды өздеріне тәуелді етуге тырысады. Олар отбасылық қарым-қатынас пен бала тәрбиесіне қатысты жалпылама кеңестер беріп, әр отбасының ерекшеліктерін ескермейді. Мұндай үстірт кеңестер кейде отбасылық ұрыстардың ушығуына себеп болуы мүмкін.
– Кейбір психологтар отбасы мен бала тәрбиесі туралы кеңестер береді. Бірақ шын мәнінде, өзі тұрмыс құрмаған немесе балалы болмаған адамның бұл тақырыпта толыққанды кеңес беруі қисынсыз деп есептеймін. Өйткені өмірлік тәжірибенің маңызы зор. Адам өзі белгілі бір сынақтардан өтіп, қиын жағдайлардан шыққан соң ғана басқаларға дұрыс жол көрсете алады. Сондықтан психологтың кеңесін қабылдамас бұрын, оның өмірлік тәжірибесі мен кәсіби біліктілігін бағалау маңызды, – дейді маман.
Осы орайда «Психолог болу үшін не қажет?» деген орынды сұрақ туындайды.
– Ең алдымен терең білім, еңбек,ұқыптылық, мейірімділік, қойған мақсатқа жетуге деген сенімділік. Бұл қасиеттер кез келген мамандық иесіне тән емес пе? Әрине солай. Ал психолог мамандығы бұдан да гөрі зор қасиеттерді талап етеді. Ең маңызды қасиет – ол мәселені шығармашылықпен шешетін терең интуицияның болуы. Нағыз психолог маман болу үшін жан-жақты дамып, кәсіби және тұлғалық қасиеттерді үнемі жетілдіру қажет. Сонымен қатар нағыз психолог болу тек кәсіби білім ғана емес,тұлғалық даму мен ішкі жауапкершілікті талап ететін кешенді процесс. Бұл мамандықта табысты болу үшін өз ісіңді сүю, адамдарға шынайы көмектесуге деген ниет пен үздіксіз даму маңызды,-деп жауап берді психолог маман.
Адал еңбек –
табыстың басты кепілі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы осы мәселенің маңыздылығын тағы да айқындап отыр. Бұл бастама ең алдымен қоғамдағы еңбекқорлық пен кәсібилікке деген көзқарасты өзгертуге бағытталған. Мемлекет басшысы атап өткендей, «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» қағидасы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына негіз болатын басты құндылық.
«Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс. Өз ісін жетік меңгерген мамандар ұлттың сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президенттің осы сөздері еңбекке құрмет көрсету мен кәсіби шеберлікті ұлықтаудың маңыздылығын білдіреді. Бұл ұстаным еліміздегі жастардың дұрыс бағытта дамуына ықпал ететін болады. Әлеуметтік желідегі жалған уәделер мен жеңіл жол іздейтін тенденцияға қарамастан, шынайы табысқа жетудің жалғыз жолы – адал еңбек пен кәсіби мамандықты терең меңгеру екендігін әрбір азамат түсінуі қажет.
Инстаграмдағы жалған коучтар мен мотивациялық блогерлер ұсынатын жылтырақ өмір иллюзиясы шынайы жетістіктің жолы емес. Өмірде биік белестерге жету үшін адал еңбек пен табандылық қажет. Әр адам өзінің даму жолында кәсіби мамандардың көмегіне жүгініп, жалған уәделерге алданып қалмауы тиіс. Адал еңбек, терең білім және табандылық – кез келген жетістіктің басты кепілі.
Жайна МӘЛІМҚОЖА