Жуырда өткен облыстық шарада жерлесіміз, Исатай аудандық балалар кітапханасының кітапханашысы Ақбөбек Курасова шаршыдан топ жарып, үздік шығып, І орынды иеленді. Осылайша ол ауданның абыройын асқақтатып, руханият майталмандарының мерейін үстем етті.
Кітапханашылар күні мерекесі қарсаңында облыстық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Мамандығым – мақтанышым» атты облыстық сайыс кәсіби шеберлік пен шығармашылық қабілетті сынға салған байқау болды.
Бұл додада Ақбөбек Рысбайқызы өз мамандығына деген сүйіспеншілігін, ізденімпаздығы мен жаңашылдығын көрсетіп, көптің ішінен дараланып шықты.
– Кітапхана – менің өмірімнің бір бөлшегі. Балалардың жүзінен кітапқа деген қызығушылық ұшқынын көру – мен үшін ең үлкен қуаныш. Бұл жетістік – менің ғана емес, аудандағы барша әріптестерімнің ортақ жеңісі, – дейді Ақбөбек Рысбайқызы.
Иә, өзінің мамандығын шын сүйген жан ғана табысқа жете алады. Ақбөбек Рысбайқызының бұл жеңісі – рухани әлемге қызмет етудің, оқырман жүрегіне жол табудың жарқын үлгісі.
Сағыныш ҚАЙЫР

