Атырау облысының Исатай аудандық сотында талап қоюшы Ә.-нің жауапкер А.-дан 21 жасқа дейін алимент өндіру туралы азаматтық ісі қаралды.
Бұл туралы аудандық соттың баспасөз қызметі хабарлайды.
Онда іс құжаттарынан анықталғандай, жауапкердің ұлы жоғары оқу орнының 1-курсында білім алып жатқаны және студенттің кәмелетке толғанға дейін әкесінен алимент алып отырғаны айтылған. Бірақ, өзі 18 жасқа толғанда алимент өндіру тоқтатылған. Сондықтан, талап қоюшы әкесінен 21 жасқа дейін алимент өндіруді сұрап, сотқа жүгініпті.
«Сот отырысында тараптар судья-медиатордың қатысуымен медиациялық келісімге келді. Келісім шарттары бойынша, әкесі баласына ай сайын 21 жасқа дейін 15 000 теңге жеке шотқа аударып тұруға міндеттенді, ал, талап қоюшы талабынан бас тартты.
Сот дауды (жанжалды) медиация тәртібінде реттеу туралы келісімді бекітіп, істі өндірістен тоқтатты.
Сот ұйғарымы заңды күшіне енген жоқ» делінген хабарламада.
Сурет: ашық дереккөзден