«Әкем «Қара қызым» деп еркелететін» дейді Азияны мойындатқан ару

Оған дейін ол туралы көп ешкім біле бермейтін.

Сол жолы ғой, туған ауылы ғана емес, бүкіл исатайлықтар ду ете қалып, барша атыраулықтар алақайлаған. Енді қайтпекші еді, аядай ғана Тұщықұдық ауылынан шыққан қыз күллі Азияны мойындатса...

Бәріміз қуандық. Бір кездері қос өзен аралығының «қара алтын» қазынасын игеруде ерекше еңбек қылып, кеудесіне орден таққан мұнайшы-оператор, цех шебері Өтеген Қанатов пен ардақты ана Үнзира Дәулетқалиеваның сегіз перзентінің екіншісі Алмагүл Азия чемпионы атанды. Әлемдік ұғымға иіп апарғанда армрестлинг аталатын, қазақша қол күресі десек көпке жақындау спорт түрінен ауыл, аудан, облысішілік сайыстарға қатысып жүргенімен көп елене бермейтін ол сол жолы алдымен Қазақстан біріншілігінде топ жарып, Азия чемпионатына жолдама иесі атанды да, Ыстықкөлдегі әлгі сында қол күресінде қос қолымен сынасуда да қарсыластарын сан соқтырып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Көптің сол ниеті көңілін тасытып, ерекше күш бергендей болған жерлесіміз кейін Тараз қаласындағы Азия кубогі үшін болған тартысты бәсекеде де айы оңынан туып, алдына жан салмады.

2017 жылы Венгрияда өтетін әлем біріншілігіне барынша дайындық жасағанымен, қаржы жетпестігі қолбайлау болғаны бар. Алайда бұл Алмагүлді мойыта алмады. Керісінше, өзін-өзі қайрап, жігерлене түсті. Екі жыл өткенде Румыниядағы әлемдік бәсекеде сол қолдан алтын алса, 2021 жылғы Азия біріншілігінде қос қол күресінен тағы да қос алтын иеленді.

Бүгінде Н.Үлкенбайұлы атындағы Тұщықұдық ауылдық мәдениет үйінде қызмет ететін Алмагүл Өтегенқызымен мереке қарсаңында жүздесудің сәті түсті.

- Ел намысын арқалап әлемнің қай түкпіріне барсам да өзімнің Атырауыма, соның ішінде осы Тұщықұдығыма жеткенше асығып тұрамын. Мұнда менің отбасым бар, Саида, Ясина есімді кішкене немерелерім бар, жанашыр жерлестерім бар,-дейді ол.

Отбасы демекші, отбасында ері Нәбен Әнесұлы екеуі 5 ұл, 1 қыз өсіріп отырған чемпион ананың егіз ұлы Ерасылмен Нұрасыл да дзюдо күресімен айналысатынынан (суретте аналарымен бірге) хабарлы біз мұның да бір сыры бар-ау дескенбіз.

- Марқұм әкем қара қайратты жан болды ғой. Отбасындағы төрт ұл, төрт қыздың ішінен мені бөлек көріп, үнемі «қара қызым» деп еркелетіп отыратын. Сол кезде «қайдағы қара, қоңырлау емеспін бе» деп қалатынмын еркелеп. Сөйтсем, бойындағы қара қайраты маған дарығанын біліп жүріпті-ау деп ойлап қоямын қазір. Ол маған сеніпті. Сосын да болар, күш сынасуға шығар сәттерде үнемі әкемді ойлап, өзіме жігер беремін,- деп ағынан ақтарылған Алмагүлді арулар мерекесімен құттықтадық, алдағы 14-20 нау-рыз аралығында Алматыда өтетін Қазақстан біріншілігіне дайындық қамындағы оған сәттілік тілестік. Одан әрі Ташкентте өтетін Азия бәсекесі мен Түркияда ұйымдастырылатын әлемдік дода күтіп тұр.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521