АХТАНОВТЫҢ АТЫНА КӨШЕ БЕРДІ

Жалпы, Ахтановтар туралы айтқанда, қазақтың белгілі қаламгері болған Тахауи Ахтановты ел біледі. Ал оның бауыры Сапа болса, кезінде ауылшаруашылығы саласына үлкен еңбек сіңірген тұлғалардың бірі болулы.

 1926 жылы 16 қазанда Ақтөбе облысындағы Шалқар ауданының 3 ауылында дүниеге келген ол 1954-1958 жылдар аралығында Атырау облысындағы "Новобогат" МТС-ның бастығы, "Новобогат" совхозының директоры, 1958-1961 жылдар Бақсай аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, 1961-1963 жылдары Теңіз аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1963-1964 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы өндірістік басқарма бастығы қызметтерін атқарған. Ал 1964-1973 жылдары, яғни табаны күректей тоғыз жыл бойына Чапаев атындағы кеңшардың директоры болып абыройлы қыз етті, шаруашылықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытындағы шешімді жұмыстарымен халқының құрметіне бөленді. Сол бір қиын-қыстау кезеңдерде ел үшін тынбай еңбек еткен тұлға кейінгі жылдары Алматы қаласында тұрып, дүниеден озды.

«Ер есімі – ел есінде» жүрмегі рас, оның есімін есте қалдыруды ойлаған тұщықұдықтықтар игілікті бір іс атқарды. Сөйтіп, 17 сәуір күні Тұщықұдық ауылдық округіндегі жергілікті қоғамдастық мүшелерінің келісімімен және Атырау облыстық ономастика комиссиясының 2022 жылғы 11 қазандағы қорытындысы негізінде Тұщықұдық ауылындағы №5 көшеге Сапа Ахтановтың есімі берілді. Шараға оның жұбайы Халима Ахтанова және ұрпақтары, Сапекеңді көре қалған, бірге еңбектес болған ауыл ардагерлері қатынасты. Ауылдық округ әкімі Айбатыр Бекішұлы құттықтау сөз сөйлеп, Халима апа мен ауданның Құрметті азаматы Шәріп Сыдихов керме лентаны қиды.

Иә, өткен құрмет – кейінгіге міндет, бұл да бір жас ұрпақ үлгі-өнеге тұтарлық іс болды.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521