Аққыстау  ауылдық округі әкімін сайлау басталды

Бүгін аққыстаулықтар үшін ерекше күн. Аудан орталығында таңғы сағат 7:00-де Аққыстау ауылдық округі әкіміне тікелей сайлау басталды,-деп хабарлайды «Нарын таңы» газеті.

Бұл халықтың өз ауылының болашағына тікелей ықпал ету мүмкіндігіне ие болатын маңызды саяси сәт. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған саяси реформалардың бірі – ауыл әкімдерін тікелей халықтың сайлауы осы мақсатты көздейді.

Аққыстау ауылдық округіне Өркен және Томан елді мекені қарайды. Округ халқының жалпы саны – 9855 адам. Оның ішінде 6020 сайлаушы тіркелген. Ауылдық округ аумағында 6 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Әрқайсысында дауыс беру процесі Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» заңына сәйкес ұйымдастырылған. Сайлау барысын байқаушылар мен кандидаттардың сенімді өкілдерді қадағалап отыр.

Мүгедектігі бар немесе денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтарға да жағдай жасалған. Биыл үйден дауыс беруге 92 адам өтініш білдіріп, оларға арнайы жылжымалы сайлау жәшігімен дауыс беру мүмкіндігі ұсынылды.

Аққыстау орта мектебінде орналасқан №133 сайлау учаскесінің төрағасы Айболат Абдоловтың айтуынша, бұл учаскеде 1414 сайлаушы тіркелген.

– Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңына сәйкес, ауыл әкімдерін халықтың өзі сайлауы – Мемлекет басшысының билік пен халық арасын жақындатуға бағытталған маңызды қадамы. Бұл – ауыл тұрғындарының өз болашағын өзі айқындауға мүмкіндік беретін тетік. Сонымен қатар, бұл саяси мәдениетті қалыптастыруға, азаматтардың жауапкершілігін арттыруға және жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайтуға жол ашады. Сайлау – тек дауыс беру ғана емес, бұл – тұрғындардың өз ауылына деген жанашыр көзқарасы мен белсенді ұстанымының белгісі. Аққыстаулықтар бұл мүмкіндікті жақсы түсініп отыр,-дейді ол.

 

 

Ауыл әкіміне үміткер ретінде үш азамат тіркеліп, заңмен белгіленген үгіт-насихат кезеңінде өз бағдарламаларын халыққа ұсынып үлгерді. Енді соңғы әрі шешуші сөз – сайлаушының өзінде. Дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.

Бұл сайлау – Аққыстау ауылдық округінің даму бағытын айқындайтын, келешегіне әсер ететін маңызды белес. Жаңа әкімнің іскерлігі мен тұрғындардың сенімі ұштасқанда ғана округтің әлеуметтік-экономикалық және мәдени өрлеуі артады. Сондықтан бүгінгі сайлау – елдік ертеңнің іргетасы ретінде бағаланады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT