Аққыстау орта мектебінде Ұстаздар күніне орай мұғалімдер арасында «Екі жұлдыз» өнер сайысы өтті. Бұл байқау қазақ вальсінің королі атанған композитор Шәмші Қалдаяқовтың әндеріне арналды.
Мерекелік шараның шымылдығын мектеп директоры Тамара Молдашқызы ашып, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады. Ол ұстаздардың ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегіне тоқталып, өнер додасына қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқауға пән бірлестіктерінен құралған сегіз команда қатысып, «Ана туралы жыр», «Арыс жағасында», «Ақ бантик», «Қайықта» секілді халық сүйіп тыңдайтын әсем әндерді орындады. Кеш бойы әуезді әндер шырқалып, ұстаздар қауымының өнерге де жақын екендігі тағы бір мәрте айқындалды.
Әділқазылар алқасына ауданымыздың жарық жұлдызы, талантты әнші Айдана Бақытова төрайымдық етті. Қазылар шешімімен І орынды – «Орыс тілі» бірлестігі, ІІ орынды – «МИФ және Ағылшын» бірлестігі, ІІІ орынды – «Бастауыш және ХБГ» бірлестігі иеленді.
Бұл байқау ұстаздардың мерекелік көңіл-күйін еселеп, өнерге деген ықыласын паш еткен әсерлі кешке айналды.
Сағыныш ҚАЙЫР