Наурыз – халқымыздың тамыры тереңге кеткен дәстүрлері мен құндылықтарын қайта жаңғыртып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге шақыратын ұлық мейрам.
Бұл күндері жасы үлкендерге сәлем беріп, батасын алу – қазақы тәрбие мен мәдениеттің көрінісі. Осы игі дәстүрді Аққыстау ауылдық округіне қарасты Гран ауылының жастары ерекше құрметпен ұстанып, жылдағы үрдіске сай үлкендерге көрісіп, ізгі тілектерін білдірді.
Жастар өзара ұйымшылдық танытып, ауылдағы ақсақалдар мен аналардың үйлеріне арнайы барып, қол алысып, төс қағыстырды. Бұл игі іске аудандық мәслихат депутаты, қоғам белсендісі Ақмарал Тахаева да қолдау білдірді. Әрдайым халықпен етене араласып, жастардың бастамаларына демеу болып жүрген халық қалаулысы бұл жолы да жастармен бірге қариялардың шаңырағына бас сұғып, ізгі лебізін жеткізді. Ақмарал Мәдиқызы тек мемлекеттік қызметте емес, қоғамдық жұмыстарда да белсенділік танытып жүрген жан. Ол әсіресе, жастардың тәрбиесіне, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ерекше мән беріп келеді.
Жылы жүздесу барысында үлкендер ұлттық салт-дәстүрдің ұмыт қалмай, жас буынның оны жалғастыруға деген ықыласына ризашылықтарын жеткізді. Қариялардың батасы – ұрпаққа аманат, елдің бірлігі мен берекесінің тірегі.
– Көрісу – тек амандасу рәсімі ғана емес, үлкендерге құрмет көрсетіп, олардың батасын алудың жарқын үлгісі. Бұл дәстүр – ұрпақтар сабақтастығын жалғап, халқымыздың бірлігін нығайта түседі. Бүгін ауыл жастарының ынта-ықыласпен үлкендерге сәлем беруге келгені – қуанышты жағдай. Дәстүріміз жаңғыра берсін! – деді Ақмарал Мәдиқызы.
Осындай шаралар халқымыздың бірлігін бекемдеп, ұлттық рухымызды асқақтата түспек. Тек Наурызда ғана емес, жыл бойы үзілмей жалғасатын осындай игі дәстүрлеріміз – ұлттың рухани жаңғыруының айқын белгісі.
Сағыныш ҚАЙЫР